Қызылордада көлік қаққан адам оқиға орнында көз жұмды
Kyzylorda-news.kz. Қызылордада автокөлік қаққан адам оқиға орнында көз жұмды.
Оқиға қаланың Тәуелсіздік даңғылы мен Ш.Есенов көшелерінің қиылысында орын алған. Жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды.
Адам қаққан автокөлік жүргізушісі оқиға орнынан бой тасалаған. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде ізін суытпай автокөлік жүргізушісі қолға түсті.
Жедел-іздестіру нәтижесінде күдікті тұлға қолға түсіп, ол Қызылорда қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Қазіргі таңда тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мəн-жайлары анықталуда.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігімен және 347-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Онда көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы және жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу жағдайлары көрсетілген», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайтынын мәлім етті.