Қызылордада 42 сотталған азамат диплом алды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінде 42 бас бостандығынан айрылғандар диплом алды.
Олар «Электргазбен дәнекерлеуші» және «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша колледжді тәмамдап, мамандық иелері атанды. Шараға 10 ай бойы жазасын өтеушілерге білім берген Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі мен Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжінің мұғалімдері, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қызметкерлері қатысты.
«Мекемеде колледждің ашылғанына биыл 6 жыл толды. Мамандықтары бойынша диплом алған азаматтар жаза мерзімі аяқталғанша осы мекемеде ақылы жұмысқа орналасып, жалақы алып, қылмыспен келтірген шығындары өтеуге мүмкіндіктері бар. Бұл азаматтар жақсы оқығандары үшін ай сайын 21500 теңгеден шәкірақы алып тұрды. Сотталғандардың жеке істері бойынша атқару парақтары болса, шәкірақысынан белгіленген сома ұсталып отырды. Сотталғандардың туыстары үшін материалдық қолдау көрсету үшін, жеке басына қатысты қажетті заттарды сатып алу үшін шәкірітақысын пайдалануға мүмкіндік берілді, - деді мекеме бастығының орынбасары әділет подполковнигі С.Тоқтамысов.
«Бізді қоғамнан сотталған деп бөлмей, жеке тұлға ретінде қалыптасуымызға жағдай жасап, білім алуымызға мүмкіндік тудырып, мамандық иесі атануымызға мүмкіндік жасап отырған мекеме әкімшілігіне алғысымды білдіремін. Осы мамандықты 10 ай оқып игердім. Ай сайын 21500 теңге шәкірақы алып тұрдым, бостандыққа шыққан соң да осы мамандығым бойынша кәсіп ашып, өзімді одан әрі дамытатын боламын. Сондай-ақ біздің бос уақытымыз болмайды, мәдени шараларға қатысамыз, мекеме кітапханасына келіп кітаптар оқимыз», -дейді диплом алушы.
Қолдарына диплом алған 42 адам тек темір тордың аржағында ғана емес, бостандықта да алған білімімен жұмысқа орналаса алады.
Мекемеде әртүрлі мамандықтар бойынша ақылы жұмысқа қабылдайтын 9 жеке кәсіпкерлердің жұмыс орындары бар. Алдағы уақытта мұндағы колледжде мамандықтар санын арттыру көзделіп отыр. Келесі оқу жылында С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжімен келісім-шарт негізінде «Ағаш ұстасы» мамандығын ашу жоспарланған.