Біз білмейтін Батыр...
Kyzylorda-news.kz. Биыл белгілі әнші, композитор Батырхан Шүкеновтің (18.05.1962 – 28.04.2015) өмірден озғанына төртінші жылдан асты. Көзі тірісінде Батыр тынбай еңбектенді, тыңдарманына талай-талай ойлы, салмақты, өміршең туындыларын тарту етті. Артында өлмейтұғын ізі қалды, ол – музыканттың құнды мұрасы.
Ол тыңдарманын ерекше құрметтейтін
Батырхан Шүкенов атындағы қор өнер майталманының өнегелі мұрасын бір күйтабаққа жинақтапты. 28 маусым күні «Батыр» атты жинақтың ресми тұсаукесері өтті.
«Бұл антология – Батырдың шығармашылығы мен өмір жолын қорытындылайтын екі жылдық еңбектің жемісі», –дейді Батырхан Шүкенов атындағы қордың Қамқоршылар кеңесі төрағасы Бауыржан Шүкенов.
Жинаққа музыканттың өзі жинақтап жүрген альбомдары, жанды дауыста ән шырқаған концерттері, сондай-ақ көзі тірісінде жоспарлап, жазып, әрлеуге үлгермей қалған жазбалары кірген.
«Батырдың әндерін тыңдап отырсам, нағыз мейірім мен шынайылыққа, тыңдарманға деген орасан сүйіспеншілік пен құрметке толы екенін анық сезіледі. Ол тыңдарманын шексіз сүйетін, ерекше құрметтейтін», – дейді әншінің ағасы Бауыржан Шүкенов.
Музыкалық антология «Меломан» дүкендерінде сатылымға шығып үлгерген. Таралымы – 2000 дана, құны – 5000 теңге.
Топтамаға 9 музыкалық диск енді
Болат Өтемұратов қорының қолдауымен шығарылған бұл топтамаға әншінің тоғыз музыкалық дискісі мен екі концерті кірген: «Отан Ана»,
«Аманат», «Твои шаги», «Осторожно, милая девушка!», «Нас исцеляет любовь», «Все пройдет», «Душа» және тағы басқа. Бұған қоса жинаққа Батырдың 2006 және 2013 жылдары Алматыда өткен концерттерінің жазбалары енген.
Аталмыш қор директоры Марат Айтмағамбетов: «Батырдың таңдармандарына оның барлық әндері енгізілген бір жинақ аса керек еді, мұны бәріміз күтіп жүрдік. Сондықтан Батырдың мұрасын бір альбомға біріктіру туралы идеяны қуана қолдадық. Теңдесіз талант иесі Батырымыздың мұрасын сақтау мен тарату жұмысына қатысқанымызды мақтан тұтамыз. Ол біздің қатарымыздан ерте кетті, алайда әндері әрқашан жадымызда» деп атап өтті.
Батырдың тыңдармандары әлі де жаңа туынды күтеді
«Батыр» топтамасына әншінің «Күз» («Осень») атты жаңа альбомы да еніпті. Музыкант өмірінің соңғы жылдарында көп уақытын Мәскеудегі жеке студиясында өткізіп, онда жаңа ән жазып, жеке шығармашылығымен айналысқан. Әріптестеріне жаңа альбомын жазу туралы ойын айтып, оның идеясымен де бөлісіп жүрген екен. Бірақ, соңғы жинағын аяқтап, тыңдарманына ұсыну маңдайына жазылмапты.
Әншінің өнердегі жолдастары,тыңдармандары Батырдың дүниеден өткеніне әлі сене алмайтынын айтады, көптеген кездесулерде өнерсүйер қауым әншінің жаңа туындыларын әлі күнге дейін күтетін сияқты әсер қалдырады екен. Сондықтан, музыканттың әріптес-достары оның аяқталмай қалған альбомын жарыққа шығаруға бел буған. Соңғы диск әртістің Нью-Йорк, Лондон, Рига мен Мәскеудегі әріптестері мен достарының қатысуымен жасалған.
Жаңа альбомның дизайнын Батырдың ұлы жасаған
Батырдың «Күз» атты соңғы жинағына енген әндері ресейлік композитор Павел Есенинмен бірлесе жазылған. Альбомның мұқабасын дизайнер Арыс Аренов Батырдың ұлы Мақсұттың қатысуымен жасап шығыпты. Әнші ән жазуда, бейнебаян түсіруде кез келген детальге аса жауапкершілікпен қарайтын болған деседі замандастары. Сондықтан оның соңғы ән жинағын Батырсыз даярлап шығу оңайға соқпаған екен. Әріптестері марқұм әншінің көңілінен шығатын күйтабақ дайындауды қаладық дейді. Альбомның атауы Батыр қайтыс болғаннан кейін таңдалған.
«Бұл – тереңнен ой елегінен өткізілген жұмыс болды. Альбомды жасау барысында осы жұмысқа ат салысқандардың барлығы түгелдей өзара түсіністікпен және иық тіресе отырып еңбектенді. Есенинмен қайтадан жалғастырылған доспейіл бірлестік жинақтың бағытын айқындауға мүмкіндік берді: өзінше бір философиялық дүние болып шыққандай. Бірнеше әнін аяқтауға үлгермей қалғанымыз өкінішті-ақ», – дейді Батырдың тең продюсері Руслан Магомедов.
Батыр мұрасы
Осындай атаумен (түпнұсқада Батыр: Наследие) әншінің көркем мінезі, қайсар рухы, кербез ғұмыры мен қиын да қызықты шығармашылығынан сыр шертетін деректі фильмнің тұсауы кесілді. Әсерлі естелікке толы туындыға Батырдың ағасы, жора-жолдастары, бірге жұмыс істеген әріптестері қатысқан. Фильм режиссері әрі продюсері – Тимур Балымбетов.
«Бұл деректі фильмді түсіру барысында, Батырханның өмірі мен өнеріне жақын жандармен сұхбаттасу кезінде әнші шығармашылығының қаншалықты тұңғиық та тұнықтығына, мәнді де мазмұнды екеніне көзіміз жетті. «Отан анна», «Джулия», «Твои шаги» және тағы басқа танымал хит-әндерімен ғана таныс тыңдармандары бұл фильм арқылы Батырды жаңа қырынан тани түседі деп сенемін. Оған туындыда айтылған естеліктер өз септігін тигізді», – дейді режиссер.
Әнші шығармашылығының үш кезеңі
Батырдың өнердегі жанашырлары әншінің шығармашылығын үш кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқы кезең - 1982 жылы сол уақыттағы аса танымал «Арай» тобының құрамына инструменталист ретінде қабылдануы. Алматы мемлекеттік консерваториясына жаңа қабылданған жас студент аталмыш топтың құрамында жүріп, өзін он саусағынан бал тамған альт- және тенор-саксофоншы ретінде таныта білді.
Екіншісі – 1987 жылы құрылған «А-Студио» (алғашқы атауы «Алма-Ата») тобының шығармашылығымен тығыз байланысты. Үшінші кезең – әншінің топтан кетіп, туған еліне қайта оралып, жеке шығармашылығымен айналысуы. «Батыр мұрасы» атты фильмде музыканттың осы аталған үш кезеңдегі қызықты да қиындыққа толы өнер һәм өмір жолы баяндалады.