Қазалыдағы тарихи-мәдени ескерткіштерге QR-коды бар тақтайшалар орнатылған
Kyzylorda-news.kz. Қазалыдағы республикалық және жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерге QR-коды бар тақтайшалар орнатылған.
Осыған орай аудан тұрғындары мен қонақтары туған жердегі ескерткіштер туралы мәліметтерді еш қиындықсыз таба алады. Ол үшін қолында QR-код оқитын арнайы мобильді бағдарлама жүктелген ұялы телефон болса жеткілікті. Алдымен смартфон не планшетке Play Market және App Store-дан "QR-код reader" бағдарламасын жүктеп алып, тақтайша бетіндегі QR-кодты сканерлеу арқылы ашып, ескерткіш жайлы ақпаратты қазақ тілінде ала аласыз.
Мәселен, ұялы телефон арқылы "Жеңіс" саябағындағы Кеңес Одағының батырларына, Социалистік еңбек ерлеріне, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған мүсіндер жанына орнатылған QR-кодты сканерлесеңіз, онда бұл мүсіндер қай жылы қойылғаны және ел үшін, жер үшін жанын берген жандар туралы толық ақпарат ала аласыз. Ал, Ұлы Отан және азамат соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне қойылған "Ер есімі – ел есінде" ескерткіш тақтасындағы QR-кодты оқытсаңыз, олардың ерліктері туралы баяндайды.
«Мұндай QR-коды бар тақтайшаларды "Қызылорда облысының тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазалы ауданының 32 ескерткіші мен тарихи-мәдени нысанына орнатты. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай жалғаса береді, себебі ауданда бұдан өзге де 63 мәдени-тарихи зор мәнге ие орындар мен ескерткіштер бар», – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәдени және рухани ескерткіштерді қорғау жөніндегі әдіскері Бекет Табынбаев.