«БАЙҚОҢЫР START-UP» БИЗНЕС ИДЕЯЛАР БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 26 жылдық мерейтойының қарсаңында Қызылорда облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет өткен «Байқоңыр Start-Up» бизнес идеялар байқауы жеңімпаздары белгілі болды.
Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыру үшін жаңа бизнес-идеяларды қолдау, іске асыру және инвестициялау арқылы жастар кәсіпкерлігін дамытуға жағдай жасауды көздеген байқауға 18 ден 29 жас аралығындағы облыс жастары қатысты.
Облыс бойынша байқауға қатысуға 100-ден аса азамат өтінім білдірген. Бірінші кезеңде Байқау комиссиясымен алдын ала іріктеу өткізіліп, екінші кезеңге қатысуға 50 конкурсант жолдама алды.
Байқау қорытындысының нәтижесінде 6 жеңімпаз анықталды.
1 орынды «Биологиялық ыдырайтын нанокомпозиттер» жобасын ұсынған Еркебұлан Жақсылықов жеңіп алып, 300 мың теңге ұтысқа ие болды. Екінші орын иегері Сырдария ауданынан қатысқан Аружан Алдаберген мен Қызылорда қаласының тұрғыны Іңкәр Әбдіраймова атанды.
Марапат иелері 200 мың теңгеден ұтысқа қол жеткізді.
Үшінші орынды Қармақшы ауданынан қатысқан Азамат Тұрсынбаев, Әсет Төребеков және Қызылорда қаласының тұрғыны Бақыт Аманова өзара бөлісіп, олар 100 мың теңгеден ұтысқа ие болды.