21 мың теңгені заңсыз алғандар ақшаны кері қайтарып жатыр
Kyzylorda-news.kz. 2000-ға жуық қазақстандық бүгінге дейін заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Бұл туралы Үкімет үйіндегі брифингте Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова айтты.
Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, қазір олар ақшаны мемлекетке қайтарып жатыр. Қайтармағандардың ісі сотта қаралады.
– Өкінішке қарай, елде жақсы бір іс қолға алынса, артынша-ақ соның арқасында пайда көріп қалғысы келетіндер табыла кетеді. Олар да жақсы көмек алғылары келеді. Кейде табыстарын жасырады, кейде жалған ажырасады, тағысын тағы, - вице-премьер.
Гүлшара Әбдіхалықованың мәліметінше, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен аймақтарды аралайтын бірнеше топ құрылған. Олар зәулім үйі, қымбат көлігі барларды түсіріп алған. Брифингтегі мәлімет бойынша қазір әлеуметтік көмек 240 мың отбасыға беріледі. Олар - әлеуметтік әлсіз топқа жататындар, отбасы мүшелерінің жалақысы 42 мың теңгеден аспайтындар.
Бүгінгі таңда заң бұзғандардың біразы өз еркімен ақшаны қайтарып жатыр. Мәселен, Гүлшара Әбдіхалықова Алматыда 53 отбасы заңсыз алған "қарызынан" құтылғанын, ал қалғандарының ісі сотқа өтіп кетуі де ғажап емес екенін айтты.