Қызылордадағы қонақ үй 2 сағат бойы өртенген (ФОТО)
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы «Луна» қонақ үйі өртеніп кете жаздаған. Өрт сөндірушілер қызыл жалынмен 2 сағат бойы күрескен.
Қонақ үй облыс орталығындағы А.Сүлейменов көшесі №1 мекенжайында орналасқан. 23 шілдеде түнгі 22.33-те дағдарыс жағдайларын басқару басқармасына «Луна» қонақ үйінің ғимараты жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түседі.
«Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына дереу келіп жетті. Мамандар ғимарат шатырынан қою түтін шығып жатқанын аңғарды. Онда демалып жатқан меймандар мен қызметкерлер қауіпсіз жерге көшірілді. Өрт 00.34-те толық жойылды», - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Өрт салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Бүгінгі таңда өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда.