6 айда – 55 кемшілік. Қызылордада «Жасырын сатып алушы» тәсілі өз нәтижесін беруде
Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезіндегі әкімшілік кедергілерді анықтап, сапасын бағалау мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменттерімен «Жасырын сатып алушы» жобасы жүзеге асырылуда.
Жобаны іске асыру үшін Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментімен «Жасырын сатып алушы» тәсілімен қоғамдық бақылау жүргізу іс-шаралар жоспары бекітілген. Департаменттің бас маманы Әлия Ысқақованың хабарлауынша, жоспарға сәйкес 2019 жылдың 6 айында қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, барлығы 120 рет инспекциялау мен бақылау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 28 мекемеде анықталған 55 кемшілік бойынша ұсынымдар берілді.
Мысалға, қызмет көрсету барысында мамандардың қызмет алушыларға консультацияларды тиісті түрде бермеу салдарынан артық немесе толық емес құжаттар тізбесін сұрату фактілері де орын алған.
Атап айтқанда, Сырдария аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша толық емес құжаттар қабылдаса, Жалағаш аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары және қалалық №3, №6, №1 емханаларда стандартта көзделмеген артық құжаттар сұратылған.
«Сонымен қатар, «Жасырын сатып алушы» тәсілімен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында медициналық қызмет көрсететін мекеменің дәрігері азаматтан №083/е анықтамасы үшін қызмет ақысын қолма-қол алып, анықтамаға өзге де дәрігерлердің қолдары мен мөрлерін қойып, құжатты ешқандай медициналық тексеріссіз (психо және наркотесттер) дайындап беретіні анықталды», - атап өтті Ә.Ысқақова.
Анықталған кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмау мақсатында Департамент тарапынан 37 ұсыным беріліп, нәтижесінде 6 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 1 қызметкер жұмысынан босатылды. Өткен жылдың тиісті мерзімінде осындай кемшіліктерге жол бергені үшін 9 қызметкерге тәртіптік жаза көрілген болатын.