ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕМЕЙДІ
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы әкімшілік кедергілерді анықтау, жою және алдын алу мақсатында «Жасырын сатып алушы» жобасы жүзеге асырылған. Нәтижесінде, 35 мемлекеттік органда жасырын сатып алу жобасы аясында 41 заң бұзушылық анықталған. Мұның ішінде, Жаңақорған ауданынан да бірқатар мемлекеттік мекемелер бар. Бұл жөнінде әкімдікте өткен аудандық қоғамдық кеңестің отырысында белгілі болды. Сәулебек Ысқақов модераторлық еткен басқосуға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің директоры Абзал Мұхимов пен орынбасарлары, сала басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Кеңестің күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Әуелгісі, Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы кейбір мәселелер туралы. Екінші, Жаңақорған ауданындағы мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаттарын сақтауы хақында.
Бірінші болып мінберге көтерілген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Ғалымжан Ілкібаев ә-дегеннен сынға сылтау жараспайтынын ашық айтты. Басқарма басшысының айтуынша, Департаментпен мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында үстіміздегі жылдың І-жартыжылдығында мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы әкімшілік кедергілерді анықтау, жою және алдын алу мақсатында ҮЕҰ өкілдерімен бірлесіп, «Жасырын сатып алушы» жобасы жүзеге асырылған. Нәтижесінде, 35 мемлекеттік органда жасырын сатып алу жобасы жүргізіліп, 41 заң бұзушылық анықталған. Қоғамдық бақылау шарасының жай-жапсарын жіпке тізбектеген Ғалымжан Ілкібаев бірқатар кемшіліктерді атап өтті.
– Мәселен, «Жасырын сатып алушы» жобасы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының Жаңақорған аудандық бөліміне барып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қызметкерді шақыру қоңырауы үш мәрте басылса да ғимараттан бірде бір қызметкер сыртқа шықпады.
Ғимарат ішіне кіріп, қайта басқан уақытта қоңыраудың жұмыс жасамайтындығы анықталды. Яғни, қоңыраудың қалыпты жұмыс жасауына ешкім бақылау жасамайтындығы анық. Бұдан бөлек, залда сынық орындықтар орналастырылған. Басқа амалы жоқ қызмет алушылар осы орындықтарға ретін тауып отыруға мәжбүр, – деді Басқарма басшысы. Сондай-ақ мұндай қоғамдық бақылау шарасы Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне де жүргізілген. Бұл жерде де қызметкерді шақыру қоңырауы болғанымен, оның арнайы белгісі және мекеменің жұмыс кестесі орнатылмағаны анықталған. Ал өзіне өзі қызмет көрсету бұрышы орналасқан бөлме есігі кілтпен жабық болғаны анықталып, Департамент қызметкерлерінің ескертуінен кейін есік ашылып, ішіндегі компьютер қосылған. Әрине мұндай тексеріс аудан орталығындағы бірқатар мекемелерде жүргізілген.
– Тағы бір айта кетерлігі, аудан орталығындағы бірқатар мектеп әкімшілігі №086 анықтаманы ата-аналардан сұратқаны белгілі болды. Ал негізінде «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламалары бойынша оқыту үшін ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызметі Стандартына ҚР БҒМ 2018 жылғы 25 қаңтардағы №28 бұйрығымен енгізілген өзгерістерге сәйкес, баланы мектепке қабылдау кезінде №086/е медициналық анықтамасының орнына №063/у және №026/у-3 нысаны бойынша құжаттарды сұрату көзделген. Бақылау аясында Жаңақорған кентінің №110 мектеп-лицейіне «Жасырын сатып алушы» тәсілімен бару кезінде мектеп қызметкерлері тарапынан жоғарыда аталған анықтаманы сұрату дерегі орын алды. Бұл өз кезегінде ата-аналардың еш қажеті жоқ құжат үшін емхана табалдырығын тоздыруына себеп болып отыр. Сонымен қатар, №51 және №163 мектептерде баланың туу туралы куәлігінің нотариалды көшірмесі (Стандартқа сәйкес, көшірме болу керек) және Стандартта көзделмеген құжаттар тігілетін файл сұратылған. Одан бөлек, «Жасырын сатып алушы» №169 мектепке сағат
16.55-те бару кезінде мектеп қызметкерлері «құжаттарды қабылдайтын мамандар кетіп қалды, ертең келіңіз» деп шығарып салған. Алайда, Стандартқа сәйкес сағат 17.30-ға дейін құжат қабылдау көзделген, – деді Ғалымжан Ілкібаев.
Баяндамашының сөзінен кейін Департамент басшысы Абзал Мұхимов хабарламаға арқау болған сала басшыларын жеке-жеке орнынан тұрғызып, жіберілген кемшіліктің себебін сұрады. «Барлық кемшіліктер қайта қалпына келтірілді» деген жауабын естіген Абзал Сансызбайұлы бөлім басшыларына мемлекеттік көрсетілетін қызмет түріне аса қырағы болуға шақырды.
– Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыру арқылы азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін көтеру мәселесі үнемі айтылып жүр. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мен қолжетімділігі – мемлекеттік қызметшілер жұмысы тиімділігінің басты көрсеткіші екендігі барлығымызға белгілі. Сондықтанда жауапкершілік жүгі қашанда жеңілдемейді, – деді Абзал Мұхимов.
Одан әрі Жаңақорған ауданындағы мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаттарын сақтауы туралы Департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қуаныш Әбілдаев хабарлама жасады. Баяндамашының сөзінен белгілі болғандай, мұнда да бірқатар мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормасына сай келмейтін «әрекеттерімен» аты аталып, түрі түстелді.
– Кейде жекелеген қызметшілер әдеп нормаларын сақтаудың маңыздылығын жете түсіне бермейді. Соның салдарынан әдеп нормаларының бұзылуымен қатар, халық тарапынан жалпы мемлекеттік қызметшілерге қатысты жағымсыз пікір туындайды. Мәселен, қызметшілердің той-томалақ пен демалыста түскен немесе қымбат көліктерін әлеуметтік желіге жариялауы – бұқара тарапынан бірқатар сынға қалып жатады. Осы ретте, мемлекеттік қызметшілерге жеке мүлкін желіге жария етудің қажеті жоқ, – деді басқарма басшысы Қуаныш Әбілдаев.
Кеңес отырысы соңында Абзал Мұхимов: «Мақсатымыз біреуді аяқтан шалу, оған жаза тағайындау емес. Керісінше мемлекеттік қызмет сапасын арттыру. Мамандарға шара қолданудан гөрі, кемшіліктерді болдырмауға көбірек көңіл бөлген дұрыс, – деді.
Өз кезегінде аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сәулебек Ысқақов кеңес отырысын түйіндеп, қозғалған мәселелер бойынша мүдделі органдарға кеңес отырысының хаттамасын жіберетінін жеткізді.
Әбдісамат ӘБДІШ.