Агро салаға салғырттық танытуға болмайды
Kyzylorda-news.kz. Халықтың агроөнеркәсіп саласы бойынша жұмыспен қамтылуы және жұмысшылардың еңбек заңдылығының сақталуы қандай? Облыста суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ауыспалы егіс жүйесін сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану қалай жүріп жатыр? Бүгін «Nur Otan» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Аграрлық сектор» бағытындағы аймақтық комиссия мүшелері осы мәселелерді жан-жақты талқылады.
Комиссия отырысына «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова, облыстық маслихаттағы партияның депутаттық фракция мүшелері, басқарма басшылары, сала ардагерлері мен кәсіподақ төрағалары қатысты.
Атап өту керек, Қызылорда облысы бойынша 2019 жылы 10300 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 5645 (54,8%) жаңа жұмыс орындары құрылған.Олардың 5556 тұрақты орындар. Осыған орай облыс халқын жұмыспен қамтуға ықпал жасау жөніндегі кешенді жоспар қабылданып, 32 069 жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен қамтылғандарды жұмыспен қамту көзделген. Жиын барысында хабарлама жасаған Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жанар Дәулетбаеваның айтуынша жоспарланған азаматтардың ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 42 пайызы жұмыспен қамтылған. Ал жұмысшылардың еңбек заңдылығының сақталуы бойынша айтар болсақ, бұл салаға қатысты облыста әлеуметтік-еңбек даулары орын алмаған. Керісінше жеке кәсіпкерлік субъектілері және мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жасалған тексерулер нәтижесінде ағымдағы жылдың 6 айында 262 заң бұзушылықтар анықтаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 заң бұзушылыққа жоғары.
«Еңбек қатынастарындағы заңбұзушылықтарға жеке кәсіпкерлік субъектілері жиі жол беруде. Заңбұзушылықтардың басым бөлігі жұмыскерді еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберу, жалақы төлеуді кідірту, еңбек демалысының пайдаланбаған күндері үшін өтемақы төлемеу, еңбек шартының еңбек заңнамасына сәйкес келмеуі, жұмыстан заңсыз шеттету», - дейді облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев.
Жасыратыны жоқ, аймақ халқының басым бөлігінің күн көрісі тікелей ауыл шаруашылығы өндірісіне қатысты болғандықтан мамандар егістікті сумен қамтамасыз ету проблемасы бізден жыл сайын жаңа шешімдер қабылдауды талап етіп отырғандығын айтады. Бұл ретте, келешекте облыста су қоймаларын салу, сондай-ақ суды ұтымды пайдалануға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыру да жоспарланған.Яғни, ирригациялық және дренаждық желілерді жетілдіру жөніндегі жобаларды іске асыру арқылы суармалы суды 30%-ға дейін үнемдеу. Және жерасты көздерін пайдалану, тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін қолдану, коллекторлық суларды қайта пайдалану есебінен суармалы жерлерді 95 мың гектарға көбейтіп, 300 мыңға жеткіземіз деп отыр. Нәтижесінде аграрлық сектордағы өндіріс көлемін 79 млрд. теңгеге ұлғайта отырып, 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу да көзделген. Облыста суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ауыспалы егіс жүйесін сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану шаралары егіншілік саласындағы аса маңызды шаралардың бірі болып табылғандықтан сал мамандары ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысқанда шаруашылық құрылымдары «Ы.Жахаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің нұсқамаларын бірінші кезекте басшылыққа алуы тиістігін айтады.
Жиын барысында саланы жетілдіру, жұмысшылардың еңбек заңдылықтарын сақтау бағытында көптеген ұсыныстар ортаға салынып, маңызды шешімдер қабылданды. Жиынды филиал төрағасының бірініші орынбасары Ақмарал Әлназарова қорытындылап, «Nur Otan» партиясы бұл жұмыстардың бастамашысы да, бақылаушысыда болатынын тілге тиек етті.