Оқулықтардағы Головкин туралы сұрақ ата-аналардың жаппай наразылығын тудыруда
Kyzylorda-news.kz. Жаңа оқу жылының басталуына 3 апта қалды. Ал мектеп оқулықтарының мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Ата-аналар, сарапшылар, тіпті, білім министрінің өзі кітаптардан қате тауып жатыр. Жақында бір топ ата-аналар «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында мектеп оқулықтарының ішінде өрескел қателіктер жүргенін айтып, шағымданған.
Жыл сайын мектеп оқулықтарындағы қате: тарихи даталар, біртүрлі аудармалар, дұрыс қойылмаған екпіндер - қоғам арасында наразылық тудырып келеді.
Бұл жерде ата-аналар мен оқытушылар өздері балаға дұрыс жауабын айтар деген сенім ғана қалады. Себебі үлкендердің өзі көп сұраққа жауап беруге қиналады. Мәселен, ата-аналар 7 сыныпқа арналған оқулықтардың бірінде «И-пывязка» туралы ертегінің неліктен солай аталғанын және оның не жайлы екенін түсіндіруді сұраған.
Нұр-Сұлтанның ата-аналар қауымдастығы кеңесінің хатшысы Татьяна Коршунованың айтуынша, қазақстандық мектеп оқулықтарында қателіктер көп. Оның сөзінше, ішінде грамматикалық, психолингвистік қателіктер, тіпті, тапсырмалардың дұрыс емес шешімдері де бар.
Сондай-ақ, ата-аналарды көрнекі суреттері де ұялтатын көрінеді. Олардың пікірінше, темекі шегіп тұрған бала мен бизонды шабуылдаған жалаңаш аңшылардың бейнесі 6 сыныпқа арналған оқулықта болмауы керек.
Сонымен қатар, үлкендерді қазақстандық әнші МС Сайлаубек пен Головкиннің неліктен рингке шапан киіп шығатыны туралы сұрақтар да ашуландырды.
Өткен аптада білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқулықтарының құрастырушыларын сынаған болатын. БҒМ басшысы оқулықта қарапайым бірнеше қатені тапқанын сөз еткен еді.
Осындай «қателіктердің» қайталанбауы үшін білім министрлігі оқулықтарға сараптама жүргізетін мемлекеттің үздік оқытушыларынан тұратын сарапшыларды даярламақшы.