Қажылықта жүрген қазақстандықтарға не үшін ота жасалған?
Kyzylorda-news.kz. Қажылық сапарға барған 3200 отандасымызға 21 медицина маманы қызмет көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл Меккеде күн өте ыстық. Оның үстіне адам көп. Таулы жер болған соң қан қысымы тағы бар. Кей қонақүйлер қағбадан алыс болғандықтан қажылар көбіне жаяу жүреді. Содан болар тез ауырып қалып жатыр. Тіпті Мина жазығы мен шайтанға тас ататын аралықтың өзі 3 шақырым. Үлкен кісілер қиналатыны рас. Көбісінің табандары қажалып, суық судан тамағы қабынған. Біз мейлінше көмек берудеміз», - деді дәрігер Біржан Досмайылов.
ҚМДБ-ның ақпаратына сүйенсек, осы күнге дейін 1 744 қажы дәрігерлік көмекке жүгінген. Оларға барлығы 21 медицина маманы қызмет көрсетуде.
«Оның басым бөлігі жедел респираторлық вирусты инфекциямен келгендер. Нақты саны 1 150 адам. Асқазан ішек жолдары ауруларымен 90 адам, оның 12-сінде өздеріндегі созылмалы ауруларының өршуі болды. 380 адамда тірек қимыл аппараты аурулары тіркелсе, оның 360-да аяқтың әр түрлі қажалулары бар. Сондай ақ жүрек қантамыр жүйесі аурулары 220, оның 215-де артериалды қан қысымның жоғарылауы байқалған. Сонымен қатар қант диабетімен 4 адам, бронх демікпесімен 6 адам дәрігерден ем алды.
Бір адам жедел аппендецитпен ауруханаға жеткізіліп, белгілі дәрежеде дәрігерлік көмек көрсетілді. Бір адам жол апатына ұшырап, дер кезінде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, барлық зерттеу амалдары жүргізіліп, жеңіл дәрежеде бас ми жарақаты, дене жарақаты диагнозымен ем тағайындалды», - деді ол.
Оның айтуынша, науқастардың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Сол сияқты қажет маман мен дәрі-дәрмек жеткілікті.