Қызылордада «Денсаулық және демалыс» саябағы салынуда
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында аумағы 30 гектар болатын «Денсаулық және демалыс» саябағы салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ал қала аумағында «Жасыл белдеу» жобасы жүзеге асырылуда. Климаты қатаң әрі шөлейтті болып келетін аймақта жасыл желектің ауқымын арттыру үшін тағы қандай шаралар қолға алынбақ?
Қаланы көгалдандыруға үлес қосып жүрген белсенді азаматтардың бірі – Болат Нұрқожаев. Ол күнделікті күйбеңнен қолы қалт етсе, саябақтардың сәнін келтіруді ойлайды. Су келмей тұрған арықтарды тазалап, ауырып тұрған ағашқа нәр беруге қаланың әрбір азаматы үлес қосуы тиіс деп санайды ол.
«Арықты тазалау, су жіберу, суды жүргізу, алдына жүрмей жатқан жерін трубалардың астынан тесіп, бітеліп қалады, соларды тазалып жіберіп, суды жүргізіп жіберуге жауапты адамдар болса болды. Мұнда басқа ешқандай проблема жоқ», - дейді қала тұрғыны Болат Нұрқожаев.
Қызылорда қаласында жасыл желекпен көмкерілген саялы орындар жоқ емес. Дегенмен тағы 10 мың шаршы метрден астам жер көгалдандырылады. Ол үшін 11 шақырым аяқ су каналы тартылады. Оның маңайына 12 спорт алаңы, веложол секілді демалыс аймақтары қарастырылған. Айтулы жобаның құны 1 млрд теңгеден асып жығылады. Ал осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған «Жасыл белдеу» жобасы аясында бүгінде 24 гектар шөлейтті жерде 14 мың түп ағаш өсіп тұр.
«Қазір біз мынау «Батыс Еуропа-Батыс Қытайдың» Аралға кетіп бара жатқан жолын зерттеп жатырмыз. Кезінде көпдеген жерлер, жекеге беріліп кеткен. Жекеге алғандар бізге бергісі жоқ қайтадан үкіметке. Бұл енді қазір қалалық жер қатынастары бөлімі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Себебі жолдың бойына әдемі қылып ағаш егуіміз керек», - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Байкенже Әметов.
Бұл жоба биыл да жалғасын тауып, тағы 534 гектар жерді игеру үшін зерделеу жұмыстары басталған.