Арал ауданында 6 тоннандан астам балық қырылып қалды
Kyzylorda-news.kz. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қызылорда облысы Арал ауданы Тоқпан көлінде балықтардың қырылуына қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Экология департаментінің, ветеринарлық қызмет, «Қазгидромет» РММ және «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-ның мамандары лабораториялық зерттеулер мен санитарлық – химиялық талдамалар жүргізу үшін су мен өлген балық сынамаларын алды. Қазіргі уақытта өлген балықтарды жинау және жою жұмыстары жүргізілуде.
Балықтардың қырылу себептері туралы ақпарат лабораториялық зерттеулердің қорытындылары дайын болған соң қосымша хабарланады», делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 4 қыркүйекте Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына WhatsApp мессенджері арқылы Қызылорда облысы Арал ауданы Тоқпан көлінде балықтардың қырылуы туралы ақпарат түскен.
4-5 қыркүйекте өңірлік инспекция, Қамыстыбас ауыл әкімдігінің, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалының, «Қазгидромет» РММ филиалының, Арал ауданы АПБ, ветеринарлық қызмет, Қызылорда облысының Табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу, Жұмылдыру дайындығы басқармаларының, Төтенше жағдайлар, Экология департаменттерінің мамандарынан құралған комиссия оқиға орнына барды.
Мамандар жағалауды зерттеп, 6,4 тонна өлген балықты жинаған. Балықтардың 96% – табан балығының шабақтары, қалғаны – қылыш балық, сазан және көксерке балықтарының шабақтары болған.
Айта кетерлігі, Тоқпан көлі Қызылорда облысы Арал ауданы Қамыстыбас көлінің солтүстік батыс беткейінде орналасқан, жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне енбеген, онда негізінен табан балығы көп мекендейді.