15 МИЛЛИОН БАЛЫҚ ШАБАҒЫ АЙДЫНДАРҒА ЖІБЕРІЛДІ
Қызылорда облысы аумағында Кіші Арал теңізі мен жалпы көлемі 44,0 мың гектар болатын 196 су айдыны бар. Осылардың басым көпшілігі балық шаруашылығын жүргізу мақсатында 124 балық шаруашылығы субъектілеріне бекітілген.
Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымжан Орақбаев хабарлады.
Облыстың су айдындарына осы жылға бөлінген балық аулау лимиті 7805,7 тонна құраса, 9 айда оның тең жартысы игерілді.
«Жануарлар дүниесі ресурстарын сақтауды, өсімін молайтуды және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде биыл балық ресурстарының өсімін молайту бойынша көрсетілетін қызметтерді бақылау мен қабылдауды ұйымдастыру мақсатында, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес, Қамыстыбас балық питомнигінен Кіші Арал теңізінің Қаратүп, Шағалалы қойнаулары мен Қамыстыбас көліне 15 млн. 220 мың балық шабағы жіберілді.