Қызылордада әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлылығы тексерілуде
Kyzylorda-news.kz. «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалы партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 10 қыркүйегі мен 10 қазаны аралығында облыс көлемінде әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделуіне мониторинг жүргізуді бастап кетті.
Осы бір ай көлемінде жоспар бойынша 800-ге жуық объектілерге мониторинг жасау жоспарланған. Бүгінгі күнге қала, барлық аудандық филиалдарымен 75 нысанға мониторинг жұмыстары жүргізіліп, талапқа сай келмейтін мекемелерге ескертулер жасалынды.
Бүгін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова бастаған, құрамында үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар арнайы топ «Еуразия» спорт кешені, Азаматтарға арналған үкіметтің «Халыққа қызмет көрсету орталығы», облыстық мұражай, оқушылар сарайы секілді бірқатар нысандарға мониторинг жүргізді.
Жасыратыны жоқ, қуантатын да, ренжітетін де жағдайлар кездесті. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктерді түзеуге қатысты тапсырмалар берілді.
Мәселен, «Еуразия» спорт кешенінің сыртқы пандусын талапқа сәйкестендіру, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы автотұрақ орнын белгілеу, облыстық мұражайда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін әжетханаларды талапқа сәйкестендіру секілді ескертулер айтылды дейді, мониторингтік топ мүшесі, «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жұмаділаев.
Мониторинг жұмыстары әрі қарай жалғасын табатын болады.