Аралдықтар болашақ сарбаздарды әскерге салтанатты түрде шығарып салды (ФОТО)
Kyzylorda-news.kz. Арал қаласындағы рәміздер алаңында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы тұрған өрендерді шығарып салу шарасы өткізілді.
Салтанатты шарағы аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, жұртшылық атынан анттарына адал қызмет етуге зор сенімін білдірді.
«Сіздер бүгін шекарасы берік, шебі бүтін қасиетті жерімізді қоғайтын Қарулы күштеріміздің қатарына азаматтық борыштарыңызды өтеуге аттанғалы тұрсыздар. Кезінде бірлік пен батырлықты ту еткен аталарымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осы ұланғайыр жерді қорғап, біздерге мирас етіп қалдырды. Мінекей, батыр бабалардың осынау даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін жалғастырудың кезекті толқыны Сіздердің еншілеріңізге тигелі тұр», - деді аудан басшысы.
Шара барысында оқушылар қаруды шашып-жинаудан шеберліктерін ортаға салса, аудан өнерпаздары патриоттық ән-жырларын тарту етті. Сонымен қатар, жас сарбаздарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Айта кету керек, жылына орта есеппен көктемгі және күзгі шақырылымда аудан бойынша 200-ге жуық жас буын әскерге аттанады. Осы ретте, биыл көктемгі мерзімді әскерге шақыру кезінде ауданымыз бойынша 94 азамат әскер қатарына алынып, әскерге баратын жастардың дені Қарулы Күштер, шекара қызметі, мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан сынды әскери құрылымдарда борыштарын өтеуде.
Ал, күзгі мерзімді әскер шебіне 90 аудан азаматын аттандыру жоспарланған болса, соның ішінде дәл қазір 15 болашақ сарбаз Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметіне аттанған.