Аудан әкімі «Адал ұрпақ» еріктілер клубының мүшелерімен кездесті
Kyzylorda-news.kz. Аралдағы «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының лагерьде тынығушы белсенді мүшелері арасында «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» атты кезекті іс-шарасы өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқушылар арасында дебат түрінде өткізілген шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысқан.
«Балаларды парасатты, отансүйгіш, саналы азамат етіп тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Сіздер сыпайы, кішіпейіл рухани қазынаға бай, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сыйлайтын еліміздің нағыз азаматтары болуға тиіссіздер. Осы орайда, бүгінгі іс-шараның жас ұрпақтың бойына берер үлгісі мен өнегесі мол деп ойлаймын. Сіздерді бүгінгі өтіп жатқан салтанатты шарасымен тағы да құттықтай отырып, лагерьде жақсы тынығып, көңілді демалыс өткізулеріңізге тілектеспін»-деді аудан әкімі.
Жиынға қатысқан «Адал ұрпақ» клубының мүшелері аудан әкімімен еркін түрде пікір алмасып, сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.
Рухани-адамгершілік және азаматтық - патриоттық тәрбиелеу контексінде мектеп ортасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ауданның 44 орта мектебінде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары құрылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Қазіргі таңда ауданда 2400 клуб мүшесі бар.
«Адал ұрпақ» еріктілер клубы оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде, олардың бойында жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда.