ЖАСТАРДЫҢ ПАТРИОТТЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Жалағаш ауданы балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық ұйымдарының «Ел жүрегі – Астана» атты жастар патриоттық форумы өтті.
Астана қаласының 20 жылдығы мерекесіне арналған форумға аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов, «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мұстафаева, аудандағы балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық ұйымдары мен әскери патриоттық клуб өкілдері, дарынды оқушылар және тәуелсіздік құрдастары қатысты. Форумды аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов ашып, ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығымен және еліміздің бас шаһары – Астана қаласының 20 жылдығымен құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Форум аясында «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер бірыңғай ұйымының мүшесі Д.Алмасбек, әскери патриоттық клубының мүшесі Н.Ыбаш, «Адал ұрпақ» еріктілер клубының мүшесі А.Болатқызы, аудан мектептеріндегі пәндік олимпиадалар, ғылыми байқау жобаларының жүлдегерлері, халықаралық, республикалық өнер байқаулары мен спорттық сайыстардың жеңімпаздары, «Жасыл ел» жастар жасағының мүшесі А.Мыңбай, сонымен бірге арайлы азаттықпен бірге дүние есігін ашқан Тәуелсіздік құрдастары, бүгінгі күні білім саласында қызмет етіп жүрген жас ұстаздар Ж.Өксікбаева, А.Тасбергеновалар сөз сөйлеп, Тәуелсіздікке арналған жыр шумақтарын оқыды.
Форумда бірқатар балалар мен жасөспірімдер ұйымдары, дарынды оқушылар, жас ұстаздар, аудан әкімінің мерекелік Алғыс хатымен марапатталса, Қазақстанның жүрегіне айналған Астанамыздың 20 жылдық мерекесіне орай 2016-2017 оқу жылы қорытындысымен білім беру саласындағы шығармашылық істерімен қатар «Алтын белгі» иегерлерін дайындаудағы қажырлы еңбегі үшін 11 ұстазға Астана қаласына туристік саяхатқа жолдама берілді.