30 қыркүйек: Атаулы күндер мен оқиғалар
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы № 698 Жарлығымен Қазақстанда «Еңбек күні» мерекесі белгіленді, ол қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Аталған мерекенің басты мақсаты - Мемлекет басшысының Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру шеңберіндегі өндіруші еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау және жұмысшы әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайту.
Қазақстанда машина жасаушылар күні
Қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Бұл кәсіби мереке алғаш рет 1981 жылы, КСРО кезінде тойланған. Кеңес одағы тарағаннан кейін бұл мерекені Беларусь, Қырғызстан, Ресей де өз күнтізбелерінде қалдырды.
Қазақстанда Әділет органдары қызметкерлерінің күні
Мемлекет басшысының 2012 жылдың 20 қазанындағы №164 Жарлығымен әділет органдары қызметкерлерінің күнін атап өту белгіленген болатын.
1992 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жастар үшін Мемлекеттік «Дарын» сыйлығын тағайындау туралы қаулы қабылдады.
1996 жылы Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шарт мәтініне қол қойды.
2000 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Білім» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
2017 жылы шымкенттіктер бауырсақ пісіруден рекорд жасады. Қала күні аясында «Алтын дән» компаниясы Шымкент қалалық әкімдігінің қолдауымен 1136 келі бауырсақ пісірді. Наурыз алаңында Қазақстанның «КИнЭС» рекордтар кітабының жаңа рекорды тіркелді. 1 тоннадан астам бауырсақты қаланың үздік 20 аспазы әзірледі. Рекорд жасау үшін 750 келі ұн, 400 литр май, 60 келі қант пен 150 литр сүт жұмсалды.