Биыл 685 ауыл Интернет желісіне қосылады
Kyzylorda-news.kz. 2019 жылдың соңына дейін 685 ауыл Интернет желісіне қосылады.
Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстанның елді мекендерінде кең жолақты Интернетті дамыту жөнінде баяндамаған ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасының тапсырмасын және Цифрлы Қазақстан мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында, біз Қазақстан Республикасының елді мекендерін Интернет қызметтерімен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда елімізде 117 қала мен 3 324 ауылда кең жолақты Интернет қол жетімді. Ол әртүрлі технологиялармен қамтамасыз етілген, солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілері бар», -деді ол.
Министрдің дерегінше, 2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-ші орынға ие болды. Қазақстанда Интернет пайдаланушылар саны 2018 жылы 81,3 пайызға жетті және әлемдік рейтингте Қазақстан 45-ші орынға көтерілді.
«Ауылдық жерлерді кең жолақты Интернетпен ары қарай қамту үшін 2018-2021 жылдарда талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу жоспарлануда. Бірінші кезең - талшықты-оптикалық желілерді салу. Жобаны іске асыру 1 250 ауылдық елді мекенде жоғары жылдамдықты Интернет қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. 2019 жылғы 1-жарты жылдықтағы жағдай бойынша талшықты-оптикалық желілер 83 ауылдық елді мекенде іске қосылды. 2019 жылдың соңына дейін 685 ауыл Интернет желісіне қосылады. Ал 2020 жылы қалған 509 ауылды қосу жоспарлануда. Екінші кезең - LTE (4G) стандартындағы мобильді желілерді дамыту арқылы 3 143 ауылды, оның ішінде 2019 жылы – 574, 2020 жылы – 1 046 және 2021 жылы – 1 523 ауылы Интернетпен қамту жоспарланған», - деді Асқар Жұмағалиев.
Оның сөзіне қарағанда, аталған жобаларды іске асыру аясында 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250-ден асатын 880 ауыл кең жолақты Интернет желісімен қамтылады. Сонымен қатар ары қарай тұрғындардың саны 50-ден жоғары 885 ауылды Интернет желісіне қосу жоспарланған. Нәтижесінде 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елді мекен Интернет желісіне қосылады.
«Ал қалған ауылдарға спутниктік байланыс арқылы Интернет желісін ұйымдастырудың техникалық мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Бұл орайда ауылдық елді мекендерді Интернет желісіне қосу Ұлттық экономика министрлігімен жасалған перспективті ауылдар тізіміне сәйкес орындалады», - деді министр.