Сырдария ауданының әкімі бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты (ФОТО)
Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов Тереңөзек кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.

Аудан әкіміне әрбір мекемедегі сала бойынша атқарылған және алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстар жөнінде мағлұматтар берілді.
Ең алдымен аудан әкімі Руслан Рүстемов «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінде болып, суды пайдалану мен реттеу бағытында жұмыс жасайтын мекемені аралап көрді. «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінің басшысы Б.Ысқақов кәсіпорынның негізгі қызметі, мамандардың біліктілігі және материалдық-техникалық базасы жөнінде баяндады. Аудан басшысы мекеме жұмысының маңыздылығына назар аударып, егін науқаны кезеңінде шаруашылықтарға бекітілген жоспар бойынша суды уақытылы жеткізу жұмыстарын жандандыру бағытында бірқатар ұсыныстарын айтты.
Мұнан кейін аудан әкімі аудандық қазынашылық және мемлекеттік кірістер басқармасында болды. Басқарма басшылары өз салалары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, қызметкерлердің жұмыс бөлмелерімен таныстырып, негізгі индикаторлардың орындалу барысы жөнінде айтты. Мекеме қызметкерлерімен кездескен аудан басшысы бюджет көлемін ұлғайту, бюджеттің тиімді игерілуін бақылау бағытында жұмыс жасайтын мамандардың жұмысына сәттілік тіледі.
Мемлекеттік мекемелерді аралау барысында аудан әкімі аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасын және «Ұлттық сараптама орталағының» аудандық бөлімшесін де ат басын бұрды. Мекеме жұмысымен танысып, халықтың санитарлық эпидемиологиялық сауатын арттыру бағытында жүргізілетін жұмыстарға басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Аудандық сайлау комиссиясының ғимаратын аралап, атқарылған және алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстар жөнінде мағлұматтармен танысқан аудан әкімі Руслан Рүстемов ҚР Сайлау туралы Конституциялық Заңының талаптары қатаң сақталу керектігіне назар аударды. Сонымен бірге, аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері білікті, жан-жақты, креативті идеяларға бай болу керек екенін атап өтті. Сайлау комиссиясының жұмысына жоғары баға берген аудан басшысы саяси маңызды науқандарды абыроймен атқаруға тілектестігін жеткізді.
Айта кету керек, аудан әкімі «Әуез» мектебінің, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының және «Арзан базар» комуналдық базарының да жұмысымен танысты. Әрбір сала бойынша жұмыс сапасын арттыру бағытында тиісті сала басшыларына, кент әкіміне нақты тапсырмалар берді.





