Жаңақорған ауданының әкімі әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты
Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтан Мақашев бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
С. Мақашев алдымен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аудандық ауруханада болып, мердігер компанияға аталған жұмыстарды сапалы жүргізуді және мерзімінде бітіруді тапсырды. Сондай-ақ аудандық аурухананың бас дәрігеріне ем алушыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беруге тоқталды. Аурухананың терапия бөлімінде ем қабылдап жатқан науқастардың жадайымен танысып, олармен пікірлесті.
Аудан басшысы одан соң аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі және Жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты.
Аудандағы кәсіптік білім беретін колледжге де арнайы барған әкімге директор Жомарт Шәуенов білім ордасындағы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, оқушыларға инновациялық білім беру – заман талабы. Ауданда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін енгізуде №110 мектеп-лицейдің өзіндік орны бар. Аудан басшысы мектеп тынысымен де танысып, мектеп директоры Әділмырза Таждиновпен білім ордасының мүмкіндіктерін саралады.