Қазалы ауданында жаңа мешіт пайдалануға берілді
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданына қарасты Жанқожа батыр ауылында халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 245 жылдығына орай «Ауылым – алтын бесігім» атты салтанатты шара өтті.
Ауыл күні аясында Жанқожа батыр ауылында жаңа мешіт пайдалануға берілді. Осы елден шыққан азаматтар мен ауыл тұрғындарының күшімен салынған «Сарықұл қожа» мешітінің ашылу салтанатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов пен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы, Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек қажы Әбуов, еңбек ардагері Берік Бисембаев, Сарықұл қожаның тікелей ұрпағы Ләйла Пана сөз сөйлеп, имандылық үйі адамдар арасындағы ізгілік, адамгершілік қатынастарды одан әрі нығайтады деп сенім білдірді. Ал, Жанқожа батыр ауылының тұрғыны, ұйымдастыру жұмыстарының басында жүрген «Сарықұл қожа» қоғамдық қорының төрағасы Думан Төкеш рухани орталықтың тұрғызылуына үлес қосқан барша азаматтарға ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтты.
Мұнан кейін салтанатты шара ауыл орталығындағы саябақта жалғасын тапты. Осында жиналған тұрғындар ауыл өнерпаздарының театрландырылған көрінісін тамашалады. Сахнаға шыққан әртістер халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының өмір жолын қысқа ғана көрініспен көрсетті.
Ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісуге келген аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай жанқожабатырлық ағайынды мерекемен құттықтады.
Ауыл күні мерекесінде бірқатар азаматтар аудан әкімінің, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының «Алғыс хаттарымен» және «Сарықұл қожа» қоғамдық қорының төсбелгілерімен марапатталды. Салтанатты шара аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен жыршы-термешілер фестиваліне ұласты.
Мерекелік бағдарлама аясында ауылда қол күрес, қой көтеру, гир көтеру, қазақша күрес және түйе балуан жарыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Одан кейінгі бәйге жарысы да ауыл мерекесінің көрігін қыздыра түсті.