Қызылордада жалған шот-фактура жазу бойынша 1,6 млрд теңгенің қылмысы анықталған
Kyzylorda-news.kz. Аграрлы-индустриялық аймақ болып табылатын өңірдің экономикалық әлеуеті өсіп келеді. Алайда экономиканың дамуына тежеу болып, кәсіпкерлікке кедергі келтіретін қылмыстар саны азаяр емес.
Облыстық экономикалық тергеу департаментінің дерегінше осы жылдың 9 айында Экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде 127 қылмыстық іс болған. Аяқталған қылмыстық істер саны - 83, оның 43-і сотқа жолданып отыр.
Қылмыстардың сипаты жалған счет-фактураларды жазу, мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, мемлекеттік және квази мемлекеттік секторларда бюджет қаражатын жымқыру болып келеді. Сонымен қатар экономикалық қылмыстар жалған ақша жасаумен, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен, акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымымен байланысты және салық, кеден саласында анықталуда.
Аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған залал мөлшері 1,6 млрд. теңгені құрап отыр. Тоғыз ай қорытындысымен 790 млн. теңгенің залалы өндіріліп, 29,8 млн. теңгенің мүлкіне тиым салынды. Жалпы – өндірілуі тиым салынған мүлікті қоса есептегенде – анықталған залалдың 51% қалпына келтірілген.