Бизнеспен бірлескен келісім
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті мен облыстық Кәсіпкерлер палатасы арасында, кәсіпкер тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында бірлескен шараларды іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Меморандум экономикалық құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, жолын кесуге бағытталған.
Экономикалық қылмыстармен күресті жүзеге асыратын Департамент пен аймақ кәсіпкерлерінің Палатасы кәсіпкерлікке тосқауыл болатын кедергілерді болдырмаудың кешенді шараларын белгіледі.
Негізгі мақсат – кәсіпкерлік қызметті жүргізу барысында заңсыздыққа жол бермеу және алаяқтыққа ұрынбау үшін бизнес қауымдастықпен арада тұрақты ақпарат алмасу. Кеңестермен қамтамасыз ететін кездесу, семинарлар, дәрістер өткізу арқылы экономикалық саладағы түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алу. Нақты кәсіпкерлік тұлғаға қатысты жекелеген жағдайларда екі жақтан тәуелсіз сарапшы тарту. Тараптардың ынтымақтастығы негізінде белгіленген Жоспармен жұмыс жасау.
Облыстық Кәсіпкерлер палатасы тарапынан жүргізілетін қоғамдық мониторинг кәсіпкерлікке кедергі келтіретін түрлі жағдайларды анықтайды. Ал Экономикалық тергеу департаменті экономикаға елеулі залал келтіретін салық төлеуден жалтару, жалған шот-фактуралар жазу, жалған ақша жасау, мұнай өнімдерінің ұрлығы, заңсыз ойын, алкоголь өнімінің заңсыз айналымы, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі заңсыздықтар сияқты қылмыстарды анықтап, ашу арқылы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Екі жақты келісімге қол қою барысында жиі кездесетін заңбұзушылықтардың орын алуына себеп болатын жағдайлар және олардан сақтандыру әдістері талқыланды.