Ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды
Қызылордада өткен «Baikonyr Invest» Х Халықаралық инвестициялық форумы аясында Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Қожахмет Ілиясов пен Қазақстандағы қытайлық кәсіпкерлер одағының Бас хатшысы Ху Хайсинь Өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Аталған құжатта қос тарап Қызылорда облысының кәсіпкерлік секторы мен Қазақстандағы қытайлық кәсіпкерлер арасындағы мүдделердің кеңейтілген диалогы арқылы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған сауданы дамыту мен Қызылорда облысына инвестиция тартуға ықпал етуге уағдаласты.
Алдағы уақытта Кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстандағы қытайлық кәсіпкерлер одағы Қызылорда облысын дамыту үшін инвестициялық жобаларды іске асыруда ынтымақтастықты нығайтатын болады. Сонымен қатар өңірде жұмыс жасайтын қытайлық кәсіпорындардың тауарларын, жұмыстарын және қызметтерін сатып алуда қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ қытайлық кәсіпорындар тарапынан Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған міндеттемелердің орындалуына ықпал жасауды, мұнан өзге де әріптестік шараларды бірге жүзеге асыруды мақсат етуде.
Айта кету керек, 3-4 желтоқсанда Қызылордада «жасыл» экономиканы дамытуға арналған «Baikonyr Invest» Х инвестициялық форумы өтті.