Қызылордалық кәсіпкерлерге канадалық маман қандай көмек беріп жатыр?
Kyzylorda-news.kz. Қызылордаға «Аға сеньорлар» құрылымы аясында канадалық маман John IrgenGioro келді. Шет елдік маманды Қазалы ауданындағы «Санжар KZ» ЖШС-нің өтініші бойынша Кәсіпкерлер палатасы арнайы шақырған болатын.
«Санжар KZ» ЖШС-нің директоры, кәсіпкер Алмас Әділбаев 2013 жылы Қазалы ауданында «Арман» оқу орталығын ашады. Аталмыш орталық алғашқы кезде мектеп оқушыларына қосымша білім беру қызметін көрсеткен. Екі жылдан кейін кәсіпкер «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып, аталмыш оқу орталығынан қосымша білім берумен қатар қысқа мерзімді даярлау курстарына арналған арнайы база жасап шықты.
«Мемлекет тарапынан кәсіпкерлер үшін жасалып жатқан жағдайларды пайдаланып жүрген жанмын. Мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдікпен несие де алдым. «Іскерлік қатынастар» құрылымы бойынша екі рет Германияда болып, тәжірибе жинақтап келдім. Енді міне «Аға сеньорлар» жобасы аясында шетелдік маманды шақыртып, көмегін алып отырмын», - дейді кәсіпкер.
Канадалық Джон оқу орталығының мамандарына шет тілді балаларға үйретудің әдістерімен бөлісіп, өзі де орталықта қосымша білім алып жатқан балалармен жұмыс жасады.
«Шалғай аумақта орналасқандығына қарамастан оқу орталығы жақсы жабдықталған. Қажетті құрал-саймандардың барлығы бар. Орталықтың ағылшын курсынан беретін мамандарына балалармен көбірек практика жүзінде жұмыс жасау керектігін айтып, оны іс жүзінде өзім көрсетіп беріп отырдым. Тіл үйренуде теорияны ғана білу жеткіліксіз. Үйренген сөздерді, ережелерді үнемі қайталап отыру қажет. Мұнымен қоса, білім алушы балаларға үнемі сұрақтар қоя беру қажет. Сол кезде тіл үйренуші бала жауап бере отырып, сауалды да жауапты да есте сақтап қалатын болады», - дейді шет елдік маман Джон.
Қазалылық кәсіпкер білікті маман алдырып, жұмыс жасауға мүмкіндік берген «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына да, үйлестірген Кәсіпкерлер палатасына да алғысын білдіріп отыр.
«Аға сеньорлар» құрылымы мен үшін таптырмайтын жоба болып отыр. Маман шақыртуда бізге аса кқп салмақ түскен жоқ. Қызметінің барлығы тегін. Біз өз тарапымыздан шет елдік маманды жатын орын, ас-сумен ғана қамтамасыз еттік», - дейді кәсіпкер Алмас Әділбаев.
«Аға сеньорлар» құрылымы бойынша сұрақтар туындаған жағдайда Кәсіпкерлер палатасына 40-09-81 байланыс телефоны арқылы хабарласуға болады.