Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қазақстанда 200 теңгенің тиынға айналуы нені білдіреді?

Қазақстанда 200 теңгенің тиынға айналуы нені білдіреді?

Kyzylorda-news.kz. Сарапшылардың пікірінше, қағаз ақшаның тез тозуынан бөлек, соңғы уақытта ұсақ ақшаның тапшылығы да 200 теңгелік монетаның айналымға енуіне түрткі болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2020 жылдан бастап 200 теңгелік қағаз ақша темір монетаға айналады. Ұлттық банк мұны қағаз ақшаның тез тозуымен түсіндіріп отыр. Десе де, көптің көкейінде «бұл теңгеміздің құнсыздануын білдірмей ме?» деген сауал жүргені анық.

Уақыт талабы
Белгілі экономист Мақсат Халық қағаз ақшаның монетаға ауысуын инфляцияның салдарымен байланыстырып отыр. Айтуынша, бұл теңгенің құнсыздануынан орын алып отырған процесс.
«Бұл әлемде қағаз ақшасы бар елдердің көпшілігіне тән құбылыс. Ең алғаш теңге шыққан кезде, қазіргі тиындардың өзі қағаз ақша болатын. Кейінірек теңгелеріміз тиынға айнала бастады. Біраз уақыт бұл тенденция сақталды. 20 мың теңгелік банкнот пайда болған кезде-ақ, халық арасында енді 200, 500 теңге де тиынға айналады деген пікір тараған еді. Яғни елде саналы түрде дайындық болды. Десе де, ұлттық банк бұл үрдісті кешеуілдетті. Кім білсін, теңге еркін айналымға өтіп, девальвация орын алып жатқан кезде, 200 теңгені тиынға айналдырып жібергенде, халыққа саналы түрде ауыр тиер ме еді. Сондықтан бұл процесті кейінге қалдырған болар», - деп ойлайды экономист.
Сарапшының пікірінше, соңғы кездері ұсақ ақшаның тапшылығы да 200 теңгелік монетаның айналымға енуіне түрткі болған.
«Қағаз ақша айналымнан тез шығып қалады. Жыртылады, тозады. Ал монетаның бір жақсы жері ұзақ уақыт қызмет ететінінде. Осы тұрғыдан алып қарағанда, 200 теңгені тиынға алмастыру тиімді», - деді Мақсат Халық.

500 теңге де 200 теңгенің күйін кешуі мүмкін
Экономист болашақта 500 теңгенің де монетаға ауысуы ықтимал екенін айтты.
«Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, бұл «500 теңгеміз де тиын-тебенге айналды» деп байбалам салатындай қорқынышты процесс емес. Ол, ең бастысы, теңгенің ұзақ мерзімді процесте стратегиялық тұрғыдан құнды болуына жәрдемдесу деп айтқым келеді. Сол маңызды. Елдегі ішкі өндіріс, экономиканың нақты секторы дамыса, теңгеміздің құны бойында сақталады. Сондықтан мемлекет тарапынан экономиканың нақты секторына баса назар аударылуы керек», - деп санайды ол.
Мақсат Халық қағаз ақшаның тиынға айналу процесі қандай жағдайда жылдамдайтынын түсіндірді.
«Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізетінін жақсы білесіздер. Негізгі мақсат – қолымыздағы ақшаның тез құнсызданып кетуіне жол бермеу. 2020 жылы инфляция 4% деңгейінде болады деп болжануда. Одан кейінгі жылдары да сол деңгейді сақтап қаламыз деген стратегиялық мақсат қойылып отыр. Осы міндеттер орындалса, онда қағаз ақшаның тиынға айналуын әлі ұзақ күтеміз. Ал егер елде қаржылық тұрақсыздық болып, әртүрлі фактордың әсерінен стратегия дұрыс жүзеге аспаса, қағаз ақшаның темір монетаға ауысатын күні алыс емес», - дейді маман.

Ақша үнемдеудің бір жолы
Экономист Мақсат Серәлінің пікірінше, 200 теңгелік монетаның айналымға енуі ұлттық валютаның құнсызданғанын білдіреді.
«Қазір тауар мен қызмет, тұрғын үй нарығы болсын, кез келген жерде бағаның өскені байқалады. Бұл жасырын емес. Бағаның көтерілуі – теңгенің әлсірегенінің көрінісі», - дейді сарапшы.
Айтуынша, қағаз ақшаны «темірге» ауыстыру ұлттық банкке экономикалық тұрғыдан тиімді.
«200 теңге халық арасында ең көп тараған ақша. Тиісінше ол тез тозып, жылдам ескіреді. Сол себепті оны тиынға айналдырған әлдеқайда тиімді. Темір болғандықтан, тозбайды. Қағаз ақшаға қарағанда да айналымда да ұзақ жүреді. Бұл бір. Екіншіден, қазір қағаз ақшаны басып шығарудың өзі шығын. Ұлттық банк осы мәселелерді саралап, 200 теңгені тиімді шығару туралы шешім қабылдады деп ойлаймын. Өз басым мұны дұрыс деп санаймын. Меніңше, қағаз ақшаны монетаға айналдыру қаржы үнемдеудің де жақсы бір құралы», - дейді экономист.
Ал 500 теңгенің монетаға айналуы, оның пікірінше, уақыт еншісіндегі мәселе.

«Халық әлі күнге дейін сағынады»
Мақсат Серәлінің 200 теңгелік монетаның дизайнына қатысты ұлттық банкке айтары бар екен. Оның пікірінше, орталық банк қазақстандықтармен санасуы керек.
«Ақшаны қолданатын халық қой. Сондықтан темір ақшаның дизайны қандай болуы керек екенін де ел-жұрт шешуі керек. Ұлттық банк халыққа кем дегенде 4-5 нұсқа ұсынса, халық ұнағанын таңдап алар еді. Бұл жерде ұлттық банк ұтпаса, ұтылмайтыны анық», - дейді экономист.
Сарапшы ең алғашқы теңгеде бейнеленген тарихи тұлғаларды қайтару қажет деп санайды.
«Кезінде әл-Фараби, Шоқан, Абай бейнеленген ақшаны халық әлі күнге дейін сағынады. Ол тек төлем құралы емес, тарихи құрал еді. Неге осыны жандандырмасқа?! Ол тек цифр емес, рухани жаңғыру деуге болады. Егер халықтың ой-пікірін сұраса, 80-90 проценті сол баяғы өзіміздің ұлы ойшылдарымыз, хандарымыз бейнеленген нұсқаны таңдайды деп ойлаймын», - дейді ол.
Мақсат Серәлінің өзі 200 теңгелік тиыннан Абылай ханның бейнесін көргісі келеді екен.
24 қазан 2019 ж. 783 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области