Байқоңыр қаласында апаттан құрбан болғандарды еске алды (ФОТО)
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Байқоңыр қаласында бір күнде екі апаттан құрбан болғандарды еске алу шарасы өткізілді.
1960 жылы 24 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағында апат болып, онда адамдар қаза болған болатын. Араға 3 жыл салып, дәл осы күні ғарыш айлағында тағы да апат болды.
Сарбаз паркінде қаза тапқан зымыраншыларға орнатылған мемориалда марқұмдарды еске алуға арналған қаралы жиын өтті. Қаралы жиынға әулие Георгий Победоносец шіркеуінің дін қызметшілері қатысты.
Сонымен қатар, еске алу шарасына қалалық және ғарыш кәсіпорындарының басшылары, ардагерлер, студенттер мен оқушылар қатысты. Еске алу шарасы 41 және 70 алаңдарда да өткізілді. Апат орнына гүл шоқтары қойылып, құрбандарды еске алды.
Айта кетейік, 1960 жылы 24 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағының 41-аумағында ұшу алаңында тұрған Р-16 зымыранында жарылыс болған. Жарылыстың арты өртке ұласып, өрт салдарынан зымыран жанында болған 74 адам қаза тапқан, оның 57-сі әскерилер, оның ішінде артиллерияның бас маршалы М.И.Неделин бар. Қалған 17-сі азаматтық қызметкерлер. 49 адам түрлі деңгейдегі жарақат пен күйік алған, оның 42-сі әскери қызметкер, 7-уі азаматтық, соның ішінде құрастырушы М.Кү.Янгель, полигон бастығы генерал-майор К.В.Герчик бар. Соңында улану мен жарақаттан тағы 16 адам қаза тапқан.
Арада үш жыл өткенде дәл сол күні, 1963 жылы 24 қазанда ғарыш айлағының 70-аумағында Р-9А зымыраны ұшуға орнатылатын шахтада өрт шығып, сегіз әскери қызметкер мен бір өнеркәсіп өкілі мерт болған.
Содан бері Байқоңыр ғарыш айлағында 24 қазан демалыс күні болып саналады, ғарыш техникаларында жұмыс тоқтатылып, қайғылы жағдай болған орындарда еске алу шаралары өтеді.