БҮГІН БАЙҚОҢЫРДА ЗЫМЫРАНДАР ҰШПАЙТЫН КҮН
Бүгін - Байқоңырда «Зымырандар ұшпайтын күн», яғни ғарыш айлағында қаза болғандарды еске алу күні, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
1960 жылғы 24 қазанда ұшырылым алдындағы жұмыстар жүріп жатқан Р-16 баллистикалық зымыранда жарылыс болды. Зымыранды ұшуға дайындап жатқан әскерилер, мамандар - жалпы 76 адам қайғылы оқиғадан қаза тапты. Тағы 49 адамды күйік шалып, оның да көпшілігі ауруханада жан тапсырды.
1963 жылғы 24 қазанда ғарыш айлағында тағы да трагедия болды. «Р-9А» құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынақтан өткізу кезінде, жанармай құйылған зымыранның шахталық-іске қосу құрылғысында өрт шығып, 8 адам мерт болды. Содан бері 24 қазан «Байқоңыр» ғарыш айлағында Қаралы күн ретінде белгіленген.
Бұл күні ғарыш айлағының ұшырылым кешендері мен алаңдарында бүкіл жұмыс тоқтатылып, қала тұрғындары мен қонақтары Бауырластар зиратына барып, апаттан қаза тапқандарды еске алады.
Бүгін 1960 және 1963 жылдары ғарыштық-зымыран техникаларын сынақтан өткізу кезінде ажал құшқан зымыраншыларға орнатылған мемориалдың алдында жалпықалалық митинг өтті. Оған Ғарыш кешенінің басшылары, «Қазғарыш», «Роскосмос» мамандары, қаладағы кәсіпорындардың қызметкерлері, оқушылар, студенттер, сондай-ақ тұрғындар жиналды.