Елбасының теннисшілермен кездесуі кезінде күтпеген оқиға болды
Kyzylorda-news.kz. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Испанияның бұрынғы монархымен телефон арқылы бейресми сөйлесті, деп хабарлайды Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі парақшасында.
Хаттамада көрсетілмеген бейресми қоңырау Рафаэль Надаль мен Новак Джоковичтің Назарбаевпен кездесуі кезінде, аяқ астынан соғылды. Қос теннисші Нұр-Сұлтан қаласына қайырымдылық матчын өткізуге келген болатын.
«Теннис матчы алдында Рафаэль Надаль Нұрсұлтан Назарбаевқа Испанияның бұрынғы королі Хуан Карлос I-дің жылы лебізін жеткізді. Елбасы теннисшіге алғысын білдіріп, Рафаэльден досына сәлем айта баруын өтінді», - деп жазды Айдос Үкібай.
Кездесу кезінде Рафаэль Надаль Испанияның бұрынғы монархының телефон нөмірін теріп, тұтқаны Елбасыға берді.
Үкібай жариялаған видеодан Нұрсұлтан Назарбаев телефон арқылы жылы жүзбен сөйлесіп жатқанын көруге болады.
Қазақстан астанасына бір күндік сапармен келген әлемдік теннис жұлдыздары Новак Джокович пен Рафаэль Надаль арасында қайырымдылық матчы өтті.