Бас прокуратура үндеу жариялады
Kyzylorda-news.kz ҚР Бас Прокурорының орынбасары Болат Дембаев Қазақстанда экстремистік деп танылған ұйымның халықты кезекті заңсыз акцияларға қатысуға шақыруына орай үндеу жариялады. Үндеу ҚР Бас прокуратурасының сайтында жарияланды.
«Әлеуметтік желілерде сотпен экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы (ҚДТ) мен оның жақтастары 2019 жылғы 26 қазанда кезекті заңсыз акцияларды ұйымдастырып, қатысуға шақырулар таратуда.
Аталған ұйымның мүшелері аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін шетелде сот төрелігінен жасырынып жүр.
Олар тұрғындарды құқыққа қарсы іс-әрекеттерге айдап салып, адамдардың қауіпсіздігіне, олардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне залал келтіру, қоғамның қалыпты тіршілік әрекетін бұзу қауіпін туындатуда.
Бұл тұлғалардың қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін іс-әрекеттеріне жол берілмейді және олар шектеуге жатады, өйткені Конституцияның нормаларына және елдің заңдарына, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19, 20, 21-баптарына қайшы келеді.
«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 13-бабына сәйкес экстремистік ұйымдарды тарта отырып, бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуге, олардың айырым белгілерін пайдалануға, экстремистік материалдарды таратуға жол берілмейді.
Осыған байланысты, мемлекеттік органдар сотпен тыйым салынған экстремистік ұйым бастамашылық етудегі рұқсат етілмеген наразылық акцияларының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына заңмен белгіленген тәртіпте қатаң шаралар қолданатын болады.
Заңсыз акцияларға қатысу фактілері расталған жағдайда құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 488-бабы бойынша жауапкершілік мәселесі қойылатын болады (50 АЕК-ке дейін айыппұл, 15 тәулікке дейін қамаққа алу).
Егер осы іс-әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулі зиян келтірсе, ол қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады (Қылмыстық кодекстің 400-бабы – рұқсат етілмеген акцияларды ұйымдастыру және қатысу, егер бұл іс-әрекеттер елеулi зиян келтiрсе).
Бас прокуратура құқық бұзушылықтың алдын алу, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында азаматтарды арандатушылық шақыруларға берілмеуге және экстремистік ұйымдардың заңсыз акцияларына қатысудан бас тартуға шақырады», - делінген бас прокурор орынбасары Болат Дембаевтың «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабы тәртібіндегі үндеуінде.