Бас прокуратура үндеу жариялады
Kyzylorda-news.kz. Заңға қайшы әрекеттерге қатысы бар адамдарға қатысты қолданыстағы заңнама аясында қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қолданылатын болады. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуратурасы мәлімдеді, - деді Tengrinews.kz.
«Бас прокуратура заңсыз митингілерді, шерулерді ұйымдастыруға және қатысуға жол берілмейтіндігін түсіндірген болатын. Осыған қарамастан, әлеуметтік желілерде жекелеген адамдар еліміздің ірі қалаларында осындай акцияларды өткізуге арандатушылық шақырулар таратуын жалғастырып жатыр. Бас прокуратура заңдылықты сақтауға, рұқсат етілмеген жария акциялар ұйымдастырудан және оларға қатысудан тартынуға қайта шақырады. Осы құқыққа қайшы іс-әрекеттерге қатысы бар адамдарға құқық қорғау органдары қолданыстағы заңнама шеңберінде қылмыстыққа дейінгі, ең қатаң жауаптылық шараларын қолданатын болады. Құқықтық тәртіп органдарының қызметкерлеріне күш көрсетуге және тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiнің жұмысына кедергі келтіруге итермелеп жатыр», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Осыған дейін, Бас прокуратура елімізде заңсыз жария акцияларға жол берілмейтіндігі туралы бірнеше рет ескерткен болатын. Алайда, жекелеген адамдар заңды талаптарға бағынбай, полиция қызметкерлерін арандатып, оларға шабуыл жасады. Жүргіншілердің, әйелдер мен балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Осыған байланысты, құқық қорғау органдары қоғамдық тыныштықты сақтауға және азаматтарды қорғауға бағытталған шаралар қабылдады.
«Бұл ретте арнайы құралдар қолданылған жоқ. Құқық бұзушылар полицияға жеткізіліп, сот тәртібінде әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Заңсыз акцияларға және тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабына, Қылмыстық кодексінің 400 және 405-баптарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғатынын түсіндіреміз. Құқық қорғау органдары бұдан әрі де осындай бұзушылықтарға жол бермейтін және оларды болдырмау үшін заңмен көзделген шараларды қабылдайтын болады», - деді Бас прокуратура өкілдері.