Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталды
Kyzylorda-news.kz. «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы отырысы өтті.
Сонымен қатар, фракция отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері, аудандық партия филиалдарының төрағалары мен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракция мүшелері селекторлық жүйе арқылы қатысты.
Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын өсіру мен қауіпсіздігін нығайтатын ең басты құжат - Даму бағдарламасы. Аумақтарды дамыту бағдарламасы басымдықтарының нақты әрі жүйелі айқындалуы облыстардың дамуына елеулі ықпал ететінін көрсетеді. Осыған орай, 2019 жылдың 18 қазан күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, «Nur Оtаn» партиясы мен Парламент Мәжілісіндегі фракциясының мүшелері қатысқан кеңес отырысында Үкімет басшысының есебін тыңдап, елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылауға алуды, 2020 жылдың 1 наурызына дейін аумақтың даму бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар барлық аумақтық деңгейдегі мәслихаттардағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырыстарында аудан, қала, облыстың даму бағдарламаларын қарауды жүктеді.
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов депутаттық фракцияда облыс әкімінің орынбасарлары өздерінің жетекшілік ететін салалары бойынша әрбір көрсеткіштерге мән беріп, орындалмаған көрсеткіштер бойынша шешу тетіктерін тауып, сол бағытта жұмыстар жүргізу қажет деп тапсырма берді.
2019 жылдың қаңтар-қыркүйегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталғаны турасында баяндама жасады. Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 52,5 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,2 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 20 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,3 есеге артқан. Экономика салаларында 9610 жаңа жұмыс орындары құрылған, оның ішінде 8918-і тұрақты жұмыс орындары. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған. Баға мәселесі де тұрақты бақылауда.
«Облыстық басқармалар, аумақтық департаменттер, қала және аудан әкімдері, «Даму бағдарламасындағы» көрсеткіштерді қатаң бақылауға алып, оның орындалуы бойынша тиісті жұмыстарды уақытында жүргізсін. Жыл қорытындысымен орындалмаған индикаторлар бойынша жауаптыларға шара қабылданатын болады», - деді облыс әкімі.