Қазалылық оқушы Ресейдегі ән байқауында жеңімпаз атанды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Қазалы ауданының жас әншісі Мадияр Серік халықаралық байқаудың жеңімпазы болды.
Мадияр Ресейдің Туапсе қаласында өткен «Хрустальная магнолия» фестиваль-конкурсында бақ сынады. Аталған конкурс биыл 25-ші мәрте ұйымдастырылды.
Қара теңіздің жағалауындағы балалар шығармашылығына арналған байрақты бәсекеде ән орындаған Мадияр Серік Гран-при жеңіп алды.
Мадияр Серік Қазалы ауданына қарасты Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектепте оқиды. Ол бұған дейін Болгарияда өткен «Star of the world» атты халықаралық байқауда гран-при мен үш алтын медаль иеленген болатын.