2020 жылдан бастап жүргізуші куәлігі өзгереді
Kyzylorda-news.kz. Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігінің және көлік құралын тіркеу туралы куәліктің жаңа үлгісін енгізуде, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Тиісті бұйрыққа Ішкі істер министрі 2019 жылғы 2 қарашада қол қойып, ол 2019 жылғы 4 қарашада Әділет министрлігінде тіркелді. Көрсетілген құжаттардағы электрондық чип келесі бетіне көшіріліп, чип жадының көлемі ұлғайтылады», - делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Аталған шаралар жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жеке басын куәландыратын құжаттармен сәйкестендіру үшін қажет және құжаттарды дайындаудың бірыңғай өндірістік стандартына көшуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аталған құжаттарды қолдан жасауды болдырмау мақсатында штрих-код түрінде қосымша қорғау енгізіледі, сондай-ақ көлік құралын тіркеу туралы куәліктің түсі өзгереді.
Бұл ретте бұрын берілген жүргізуші куәліктері мен көлік құралын тіркеу туралы куәліктерді ауыстырудың қажеті жоқ екенін атап өткен жөн. Олар қызмет мерзімінің уақытында жарамды бола береді.
Аталған құжаттарды беру үшін мемлекеттік баж мөлшері өзгермейді және ол бұрынғыша 1,25 АЕК-ті құрайды.