Қызылордада жылу мен суға қарызы бар тұтынушылар аталған қызмет түрлерінен ажыратылады
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында жылу мен суға қарызы бар тұтынушылар бұл қызмет түрлерінен ажыратылады. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Ерлан Бердібаев, «ҚызылордаЖылуЭлектрОрталығы» МКК директоры Руслан Нұрмағанбетов және «Су жүйесі» КМК директорының орынбасары Сабырхан Төлепбаев мәлімдеді.
«Кезек күттірмейтін шығындарды өтеу мақсатында қордаланған қарызы бар тұтынушыларды жылу және ауыз су беру жүйелерінен ажырату жұмыстарын қолға алудамыз. Тұтынушылар коммуналдық мекемелер мен кәсіпорындардағы айлық жалақы осы тұтынушылардың тұтынған қызметі үшін төлейтін ақшасынан құралатындығын әрі, кәсіпорынның қызмет ұсыну сапасы төмендеуіне әкелетінін есте ұстаған жөн», - деді Ерлан Бердібаев.
Тұтынушы пайдаланған сумен жабдықтау және жылу энергиясының төлемін келесі айдың 25-не дейін төлеуге міндеттелген. Осы міндеттерді орындамаған қарызы бар тұтынушыларға «ҚызылордаЖылуЭлектрОрталығы» және «Су жүйесі» мекемелері тарапынан ай сайын төлем төлеу қажеттігі туралы хабарламалар жіберіліп, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі талап арыздар жолданған. Сонымен қатар, әрі уақытылы төлем жүргізілмеген жағдайда тұтынушы үстемеақымен төлей отырып, екінші деңгейлі банктерден несие алуға мүмкіндігі болмайды. Коммуналшылардың ескертуіне құлақ аспаған азаматтармен сот орындаушылары арқылы өндіру жұмыстары жүргізілетін болады.
Сондай-ақ, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, екіжақты келісім орнату және тиімді жағдай жасау үшін тиісті мекеме басшылары бөліп төлеу мүмкіндігін қарастыруға болатындығын жеткізді. Ол үшін қарызы бар тұтынушы мекеме қызметкерлерімен өз еркімен байланысуы тиіс.