Нұртай Әбіқаев Достық үйлерінен қандастарды қабылдау бөлмесін ашуды ұсынды
Kyzylorda-news.kz. «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаевтың облыстардағы Достық үйлерінен қандастарға арналған қоғамдық қабылдау бөлмелерін ашуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шет елдегі отандастар мен қазақ мәдени орталықтарын қолдау мақсатында шекаралық облыстармен меморандумдарға қол қою арқылы шет елдердегі қазақ мәдени орталықтарына қамқорлық жасауды қолға алдық. Алайда алдымызда әлі де талай асу бар. Түйіні тарқамаған түйткілдер, күрмеуі шешілмеген күрделі жәйттер де жоқ емес. Осы орайда «Отандастар қоры» жұмысының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға байланысты бірқатар ұйымдастыру мәселелерін кешеуілдетпей шешу керек деп ойлаймыз», - деді ол.
Нұртай Әбіқаевтың айтуынша, «Отандастар» қорының барлық облыстарда қандастарға қоғамдық қабылдау жүргізетін маманы бар. Алайда, арнайы қоғамдық қабылдау бөлмелері жоқ.
«Осы ретте елге оралған қандастарға қоғамдық қабылдауды сапалы деңгейде өткізу үшін облыс басшыларынан «Қазақстан халқы Ассамблеясы» бағдарламасы бойынша құрылған «Достық үйлерінен» дербес орын беруді сұраймыз. Екіншіден, облыстық әкімдіктердің ақпарат тақталарында және ресми сайттарында байланыс орталығының жұмысы жайында ақпарат орналастыру туралы хат осы жылдың қыркүйек айында жіберілді. Алайда оған 205 аудандық және облыстық әкімдіктердің осы уақытқа дейін тек 9-ы ғана жауап берді. Осы мәселені ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардан ақпараттық жұмыстарды жүйелі жүргізуге нақты қолдау көрсетуін сұраймыз», - деді ол.
Оның айтуынша, қандастардың құжаттарын облыстық қоғамдық ұйымдардың арнайы аудармашылары аударады.
«Сондықтан ол құжаттарды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалдарының басшылары растағаны дұрыс. Біздің ендігі басты міндетіміз - шет елдердегі қандастар туралы жинақталған мәліметтерді жүйелеп, қосымша зерттеулер жүргізіп, ғылыми негізде тұжырымдау», - деді ол.