Қазақстандағы жол қауіпсіздігіне кім жауапты?
Kyzylorda-news.kz. Қыстың алғашқы күндерінен бастап еліміздегі жол қозғалысы қиындай түсті. Әсіресе қалалар мен ауылдарды жалғап жатқан аралық ә дегеннен қарға толып, арты көктайғаққа айналып жатыр. Мұндай жағдайда қозғалыс қауіпсіздігіне кім жауапты? Қауіптің алдын алу шаралары қалай жүреді? «Нұр-Сұлтан – Павлодар» тас жолы. Жантүршігерлік жол апаттары жиі тіркелетін аумақ. Бірер жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша ойқы-шойқы жерлері тегістеліп, жолдың жиектері кеңейтілген болатын. Сөйтіп, қос қаланы жалғап жатқан аралық ә дегеннен халықаралық талапқа сай автобанға айналып шыға келді. Бірақ, бұл оның бойындағы апат саны азайды дегенді білдірмейді.
Бізде осындай республикалық жолдардың күтімі мен қауіпсіздігін қадағалайтын арнайы қызметтер бар. Олардың жұмысы әсіресе осындай қар жауып, күн суытқанда қиындай түседі. Мәселен, мына автобанның «Нұр-Сұлтан – Ерейментау – Шідерті» аралығы аса қауіпті дейді. Өйткені тым жазық жерде орналасқан. Сәйкесінше қар жылдам жиналып, боран айналаны көрсетпей тастайды. Осындай келеңсіздіктерді ескерген мамандар биыл 14 мың тонна тұз бен 60 шаршы метр құм дайындап қойыпты. Айтуларынша, алдағы көктемге дейін жетуі керек.
«Қысы-жазы жолды ашып бітіруіміз керек. Тазалық біздің мойнымызда. Жолды тазалаймыз. Елге жұмыс істейміз ғой», - дейді жүргізуші Қанағат Мұсаев.
Жол қызметінің техникалық базасы жыл сайын қолдан келгенше жаңартылып тұрады. Биылдың өзінде осылай ондаған трактор, автогрейдер және жүк тиейтін көлік сатып алынған. Бірақ, төтенше жағдай кезінде техниканың дайындығынан бұрын, мамандардың ептілігі шешуші рөлді атқарады. Өйткені, олар оқиға орнына ең бірінші болып жетеді.
«Табиғаттың тосын мінезіне әрқашан дайын болуға тырысамыз. Әсіресе, ауа райы күрт құбылып, жауыншашын мөлшері артқан жағдайда біздің мамандар күшейтілген режимде жұмыс жасайды. Бұған қоса, көрші облыстарда төтенше жағдай болып жатса қол ұшын беріп, қосымша күш пен арнайы техникалар жөнелтеміз», - дейді «Қазақавтожол» ЖШС басқармасының басшысы Айдын Әбдірахманов.
Сала мамандары республикалық және аймақтың маңызы бар тас жолдарда күні-түні кезекшілік етеді. Қауіптің алдын алуға тырысады. Қиындыққа тап болғандарға көмектеседі. Сақтанғанды сақтайды деген бар ғой. Сондықтан барлық жауапкершілік ең алдымен адамдар өз мойнына жүктелетінін алға тартады. Әсіресе алыс жолға шығарда арнайы хабарламарды ескеріп, тәуекелге бас тіге бермеу керек дейді.