Кәсіпкерлік нысандарының 48,8 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде
Kyzylorda-news.kz. Қала әкімдігінің баспасөз орталығында Қызылорда қаласы бойынша жаппай кәсіпкерліктің дамуы жөнінде баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз конференциясы барысында қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов биылғы жылдың қорытындысымен қалада шағын және орта бизнестің көлемі ұлғайғанын айтып өтті.
«Оның нақты дәлелі, облыста нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 48,8 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде болуы. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерде 50 020 адам жұмыспен қамтылған. Жыл көлемінде қалада өз қаражаты есебінен жалпы құны 3 млрд 878 млн теңгені құрайтын 91 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жаңадан 501 жұмыс орны ашылса, шағын және орта бизнесті дамытудың басты көрсеткіштеріне жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес 2 мың 545 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, жаңадан 2 мың 627 жаңа жұмыс орындары ашылды», - дейді Алмас бек Есмаханов.
Сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасымен 137 жоба қаржыландырылды. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 32 жоба мақұлданып, 23 жобаға қайтарымсыз қаражат берілді. «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясында қала бойынша 19 жоба қолдау тапты.
Сондай-ақ кәсіпкерлік негіздерін оқыту бойынша «Бизнес-Кеңесші» жобасында 535 адам оқытылды. Бұған қоса «Бизнес-Бастау» жобасы аясында 140 азамат оқыса, қазіргі таңда жоба аясында 118 адам оқытылуда. Ал, «Жас кәсіпкер» жұмыссыз жастарды оқыту жобасы бойынша қала және елді-мекендерден 310 жұмыссыз жастар оқытылып, оның ішінде 252 жас азаматтар өздерінің бизнес жобаларын қорғап шықты.