ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ЖАҢА КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІН ҚҰРУ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА КӨШБАСШЫ
Қазіргі таңда облыста 41 393 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасауда. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,1%-ға артып отыр. Республикалық өсімнен 2,4 есе жоғары. Осылайша, біздің өңір жылдың басынан бастап жаңа кәсіпкерлік субъектілерін құру бойынша республикада көшбасшы.
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз – конференциясында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов мәлімдеді.
Баспасөз – конференциясы барысында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғ. Жақсылықов салада атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндап өтті.
«Соңғы статистикалық көрсеткіштерге сәйкес биылғы жылдың бірінші жартыжылдында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 86 842 адам жұмыс жасайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға немесе 1232 адамға артып отыр. Бұл республикалық өсімнен 1,8 есе жоғары. Республика бойынша 4-орын. Жыл соңына дейін кемінде 90 мың адамға жеткізу жоспарлануда.
Соңғы көрсеткіштерге сәйкес биылғы жылдың бірінші жартыжылдында облыста шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 143 257 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,8%-ға немесе
15 млрд.теңгеге артып отыр. Біріншіден, «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2018 жылы барлығы 1 319 млн. теңге бөлініп, облыс бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің 377 жобасына қолдау көрсетілді», - деді Ғ. Жақсылықов.