ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ ЖАҒЫНАН БІРІНШІ ОРЫНДА
«Жыл басында депутаттардың, қоғамдық кеңес мүшелері мен бизнес-қауымдастықтың бастамасымен облыста «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жылы болып жарияланды. Жақында қолыма республика көлемінде өңірлерде кәсіпкерлік саласының даму барысы туралы статистика түсті. Сенесіздер ме, 7 айдың қорытындысымен Қызылорда облысы республика көлемінде бірінші орында. Жұмыс жасайтын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны біздің облысымызда 10,8 пайызға артқан, яғни орташа республикалық деңгейден 2,4 есеге артық. Мына статистикаға қараңыздар: өткен жылы ғана біздің облыс 16 өңірдің ішінде 10-шы болған. Ал биыл бірінші орын! Дегенмен, жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Әлі де алда атқарар жұмыстарымыз жеткілікті. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жылы бастамасының 3 жылға ұзартылғандығын ескерсек, аймағымызда жұмыссыз азаматтардың қатары азайып, кәсіппен айналысушылар еселенеді деген сенімдемін», - дейді Палата басшысы.
Ғалымбек Жақсылықов жыл басында өзін-өзі жұмыспен қамтыған, сондай-ақ жұмыссыз азаматтар саны облыста 97,5 мың азамат болғанын, аталмыш мәселені шешуде «Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған Жол картасының» айтарлықтай септігі тиіп жатқандығын жеткізді.
Жол картасы аясында қаржыландырудың барлық көздерінен облысқа 32 млрд.теңге тартылған. Осы жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 280 жоба қаржыландырылған.
Өңірде ауылдағы ағайынның кәсіп ашуына жағдай жасалып, жеңілдетілген несиенің басым бөлігі де ауыл азаматтарына берілуде. Мәселен, биылғы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 1,8 млрд.теңге ауылдық елді мекен жобаларын қаржыландыруға бөлінсе, 89,5 млн.теңге қалалықтардың жобасына қарастырылған.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі