Қызылордада «Үздік аула» анықталды
Kyzylorda-news.kz. «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры «Үздік аула» байқауын ұйымдастырып, қаладағы бір қатар мемлекеттік және жеке нысандарда рейд жұмыстарын жүргізді.
«Көше тазалығын сақтауға бағытталған рейд барысында 6 мекеме, 4 көше, 3 оқу орнының ауласы тексерілді. Байқаудың негізгі мақсаты көшелердің тазалығын сақтап мекемелердің ауласын тәртіпке келтіріп, абаттандыру көгалдандыру жұмыстарын қолға алу. Сонымен қатар аула сыпырушыларға олардың ауыр жұмысы үшін алғыс білдіруге мүмкіндік беріп отыр», - дейді қоғамдық қордың жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов.
Байқау қорытындысы арнайы құрылған комиссия мүшелерімен талқыланып жеңімпаздар анықталды. І орынды «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ жеңіп алды. ІІ орынды М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі иеленсе, ІІІ орын Қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледжі алды. Жеңімпаздар «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының арнайы әзірлеген сыйлығымен және дипломмен марапатталды.
Пікір 6