Коммуналдық қызметтерді интернет арқылы төлеудің төрт түрлі тәсілі
Kyzylorda-news.kz. Коммуналдық қызмет ақысын төлеу туралы түбіртек сіздің мекенжайыңыз бойынша поштаға келмей тұрып, оның электронды түрі интернетте қолжетімді болады. Оны төлеу үшін дербес шотыңыздың нөмірін біліп, компьютер немесе телефон арқылы интернетке қосылуға мүмкіндігіңіз болса жеткілікті.Коммуналдық қызмет ақысын үйден шықпай-ақ төлеудің ең қолжетімді тәсілдерін назарларыңызға ұсынамыз.
Біріншісі. Коммуналдық қызметтерді мемлекеттік және муниципалдық компаниялардың ресми сайттарында кез-келген банктің төлем картасының шоты арқылы төлеуге болады.
• Egov.kz электронды үкімет порталындағы жеке кабинетіңізде төленуі тиіс барлық есепшоттарыңыз жөнінде ақпарат бар. Жеке кабинетке тіркелу үшін электронды сандық қолтаңбаңыз болуы тиіс.
• "Қазақтелеком" порталында тек қалалық телефон ақысын ғана емес, сондай-ақ басқа да коммуналдық қызметтерді төлеуге болады.
• Сонымен қатар, комуналдық қызметтер бойынша қарызды кейбір ақпараттық-есептеу орталықтарының сайттарында төлеуге болады. Аталған сайттарға ұялы телефонның және дербес шоттың нөмірлері арқылы тіркелуге болады.
Екіншісі. Бүгінгі таңда коммуналдық қызмет ақысын төлеудің ең кең тараған түрі – интернет-банкинг арқылы. Шамамен барлық қазақстандық банктердің пластикалық карталарының иелері өз жеке кабинеттеріне кіре алады. Сол жерден өз банктік шоты арқылы коммуналдық және басқа да қызметтерге төлем жүргізе алады.
Ал банктің телефондағы мобильді қосымшасы арқылы төлем жүргізу тіпті оңай.
Үшіншісі. Kassa24.kz, epos.kz, wooppay.com, qiwi.com, mypay.kz, killbill.kz және басқа да көптеген төлем қызметтерінің сайттарына тіркеліп, сол жерден коммуналдық қызметтерді оп-оңай төлеуге болады.
Төлем жүргізу үшін электронды әмияныңыздағы немесе банктік картаңыздағы қаражатты пайдалануға болады.
Төртіншісі. Money.tele2.kz, money.altel.kz, beemoney.beeline.kz, mobimoney.kz сынды қазақстандық мобильді операторлардың ресми сайттарына кіріп, коммуналдық қызмет ақысын ұялы телефон бірлігі арқылы да төлеуге мүмкіндік бар. Ол үшін тіркелудің қажеті жоқ, тек төлем жүргізетін телефон нөмірін енгізсеңіз жеткілікті. Содан соң көрсетілген нөмірге келген код арқылы төлемді растау қажет.
Қорытындылай келе, жоғарыда аталған төлем түрлерінің барлығында комиссия алынбайтынын айта кеткен жөн.