АРМАНЫ АСҚАҚ АСПАНДИЯР
Тәуелсіздік – еліміз үшін құнды сөз. Еркіндіктің арқасында Қазақстан әлемге танылды. Өзге елдермен қарым-қатынасты дамыттық. Осы ретте жастардың ТМД және шет елдерде білім жетілдіруі, жоғарғы оқу орындарына оқуға түсуі жолға қойылды. Елімізде жастарды қолдау аясында мемлекеттік бағдарламалар жасалып, «білімді ұрпақ – бақытты болашақ» деп білді.
Осындай мүмкіндікке сәйкес Аспандияр Сапарғалиев Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясында оқыды.
Сапарғалиев Аспандияр Нұрланұлы 1993 жылы 22 наурызда Павлодар облысы, Май ауданы, Қызыл-құрама кеңшарында дүниеге келген. 2000 жылы Қызылорда облысы Байқоңыр қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы №5 қазақ орта мектебіне 1 сыныпқа барып, 2009 жылы мектепті жақсы бағамен бітірді. Одан соң оқуын Қарағанды Республикалық әскери мектеп-интернатында жалғастырды. Білімге құштар жас – Аспандияр Нұрланұлы 2012 жылы Ресей Федерациясының Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік өртке қарсы қызмет Академиясына оқуға түсіп, оны 2017 жылы жақсы бағамен тәмамдады.
Қазіргі таңда ол Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы Халыққа хабар беру және оқыту тобының бас маманы болып қызмет етуде.
Аспандияр ата-анасының мақтан тұтар ұлы, көп балалы отбасында тәрбиеленгендіктен, 4 інісі мен қарындасының қамқор ағасы. Сонымен бірге, спортты жаны сүйетіні бар. 2003-2009 жылдар аралығында таеквандо спортымен айналысты. Республикалық, халықаралық, облыстық және қалалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлаған көк белбеу иегері.
«Өмір бойы тәуелсіз Қазақстанда өсудің артықшылықтарын көріп келемін. Мемлекеттік білім грантының иегерімін. Менің ойымша, әке-шешемнің, әпкемнің, туыстарымның, мұғалімдерімнің, жалпы Қазақстан халқының сенімін ақтау – қасиетті борышым. Бізді тәуелсіздікке жеткізу үшін, жанын құрбан еткен ата-бабаларымызға, аға буын ұрпаққа алғысымыз шексіз. Арманым — тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосу, біздің елдің бетке ұстар азаматы болу. Елдің туын асқақтатар — біз, тәуелсіз Қазақстанның ұландары», -дейді ол.
Айгүл НҰРМАНОВА,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы.