Қызылордалық қос компания - "Парыз" конкурсының жеңімпазы
Kyzylorda-news.kz. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсының бас жүлдесін табыстады.Сонымен, аталған байқаудың гран-при иегері ретінде «Еуразиялық топ» танылды. Мұнымен қоса, «Парыз» байқауының «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымында жеңімпаз ретінде Қызылорда облысындағы «Абзал и К» компаниясы марапатталды.
Бұдан бөлек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Алтын Сапа» сыйлығының «Үздік индустриялық жоба» арнайы сылығы бойынша Қарағанды облысындағы «Бёмер Арматура» ЖШС марапат алды. Сонымен қатар, «Үздік инновациялық жоба» арнайы сыйлығында Қызылорда облысындағы «СКЗ-U» ЖШС жеңімпаз болды.
Айта кетейік, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» және «Қоршаған ортаға қосқан үлесі үшін» 4 номинациядан тұратын «Парыз» байқауын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2008 жылдан бері өткізіп келеді. Әр номинация үшін ірі, кіші және орта кәсіпкерлік субъектілері санаттары бойынша үш номинация беріледі.
Ағымдағы жылы конкурсқа қатысуға 446 өтінім келіп түсті, оның ішінде: 141 кәсіпорын – ірі кәсіпкерлік субъектілері болса, 305 кәсіпорын – шағын және орта бизнес субъектілері.