ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ
«Сауда Үздігі - 2017» республикалық байқауында қызылордалық 3 компания ең үздік компания ретінде танылды.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен «Атамекен» ҰКП мен Қазақстанның сауда кәсіпорындары Қауымдастығының бірлесіп өткізген байқауы биыл Атырау қаласында өткен болатын.
«Сауда Үздігі» байқауының мақсаты - кәсіпкерлердің кәсіби қызметіне жоғарғы баға берумен қатар Қазақстанның сауда кәсіпорындарының үздік басшыларын анықтау, сервис деңгейін және қызмет көрсету сапасын көтеру, еліміздегі сауда саласына заманауи формаларды енгізу болып табылады.
Байқау келесі номинациялар бойынша өткізілді:
- Үздік бөлшек сауда кәсіпорны;
- Үздік көтерме сауда кәсіпорны;
- Үздік сауда базары;
- Үздік сауда-ойын сауық орталығы, кешені, сауда үйі;
- Үздік жол бойы сервисі және демалыс аймағы;
- Жылдың ең үздік басшысы;
- Үздік шетелдік компания.
Аталмыш байқауға қатысқан Қызылорда облысының кәсіпкерлері келесі номинациялар бойынша І орынды жеңіп алды:
- «Үздік бөлшек сауда кәсіпорны» номинациясы бойынша «Браунис Қазақстан» ЖШС І орын;
- Үздік демалыс аймағы номинациясы бойынша «Нұр-назар» ЖШС-нің «Арай» спорттық-сауықтыру кешені І орын;
- «Үздік көтерме сауда кәсіпорны» номинациясы бойынша «Абзал және К» ТС-і І орынға ие болды.
«Жылдың үздік басшысы» номинациясының гран-приі «Абзал және К» ТС-нің директоры Мұрат Сәрсенбаевқа берілді.
Байқауға қатысушылардың құжаттарын әзірлеп, ұйымдастыру жұмыстарына қосқан үлесі үшін Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатова алғыс хатпен марапатталды.
Айта кету керек, қызылордалықтардың байқау қорытындысымен І орынға ие болуына орай, келесі жылы «Сауда Үздігі» республикалық байқауы Қызылорда облысында өтетін болды.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі