БЮДЖЕТ КІРІСІН МОЛАЙТУҒА ҮЛЕСІҢІЗДІ ҚОСЫҢЫЗ
Бізде бақылау-касса машиналары тұрақты жұмыс жасайтын сауда орындары көп емес. Осыған мойынсұну арқылы біз табысын жасырған кәсіпкерді қолдап тұрғанымызды байқамаймыз.
Сауда сомасына чек бермеуден түптеп келгенде, бюджетке түсетін түсімнің көлемі азаяды. Ал салықтың түгел түспеуі мемлекеттің міндетіне алған бағдарламаларының орындалмау қаупін тудырады. Сондықтан да сатып алған тауарыңыз немесе тұтынған қызметіңіз үшін чек талап етіңіз.
Бұл тұтынушы ретінде сізге де, мемлекетке де қажет. Өйткені, бақылау чегі дегеніңіз сатушы мен сатып алушының арасында ақшалай есеп айырысудың болғанын растайтын ең бірінші құжат.
Чек талап ету арқылы, тұтынушы өз мүддесін қорғайды. Егер тауар сатып алушының көңілінен шықпаса – оны қайтарып беру немесе ауыстыру үшін осы бақылау чегі қажет. Болмаған жағдайда сатып алғаныңызды растау қиынға түседі.
Саудаңыз үшін қолыңызға чек берілуі міндетті талап. Салық кодексіне сәйкес, қолма қол ақшамен есеп айырысу бақылау-касса машинасын қолдану арқылы жүргізілуі керек.
Бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексімен» әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жұртшылықты өз мүддесін қорғауда ынталы болуға және мемлекеттік бюджеттің кірісін қамтамасыз етуге үлес қосуға шақырады.
Б.ОРДАНОВА,
Қызылорда облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаментінің
бас маманы.