БАСПАНАМЕН ҚАМТУ 2030 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ ӘР ТҰРҒЫНҒА 30 ШАРШЫ МЕТРГЕ ЖЕТУІ КЕРЕК - ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ
ҚР Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауында баспана мәселесі де қамтылған. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асқанын атап өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек. Осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек», делінген Елбасы Жолдауында.
Бұдан бөлек, Президент ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою мәселесін алға тартады.
«Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, электр энергиясын, жылумен суды тұтынуды қысқартып, табиғи монополистерді тиімді жұмысқа ынталандырады. Заңнамаға, соның ішінде табиғи монополиялар саласын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қажет. Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек. Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет» делінген Жолдауда.